Nestle Қазақстанда балалар тағамын кері қайтарып жатыр: не болды және бұл қауіпті ме?

2090
Фотосурет: REUTERS/Valentin Flauraud

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында «Nestle Food Kazakhstan» ЖШС-нің балалар тағамының жекелеген түрлерін ерікті түрде кері қайтаруына қатысты кәсіпкерлермен арнайы кездесу өтті. Басқосудың мақсаты – бизнесті алаңдатқан сұрақтарға нақты жауап беріп, жағдайдың мән-жайын ашық түсіндіру, деп хабарлайды DKNews.kz.

Неге өнім кері қайтарылып жатыр?

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өнімді ерікті түрде кері қайтару 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап жүзеге асырылып жатыр және ол Қазақстанды қоса алғанда, бірнеше нарықты қамтиды.

«Бұл шара алдын алу сипатында. Сыртқы жеткізушіден алынған шикізатта церулид токсинінің ықтимал болуы мүмкін деген қауіп анықталды», – деп хабарлады департамент өкілдері.

Мамандардың айтуынша, аталған ингредиенттің өнім құрамындағы мөлшері өте төмен. Сонымен қатар, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында тағам өнімдеріндегі церулид токсиніне қатысты нақты нормативтік талап жоқ. Соған қарамастан, компания сақтық танытып, өнімнің бір бөлігін кері қайтару жөнінде шешім қабылдаған.

Қандай өнімдер кері қайтарылды?

Кері қайтару өнімнің шектеулі ассортиментіне ғана қатысты. Атап айтқанда:

  • құрғақ тез еритін сүтті, қышқыл сүтті және лактозасыз қоспалар;
  • емдік және диеталық тамақтануға арналған аминқышқылдары негізіндегі құрғақ қоспалар.

Кері қайтарылатын нақты партиялардың толық тізімі nestlebaby.kz сайтында жарияланған. Маңыздысы – бұл шара тек осы партияларға қатысты. Қазақстандағы Nestle компаниясының балаларға арналған өзге өнімдері сатылымда қалып, қауіпсіз деп саналады.

Кәсіпкерлерге не айтылды?

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова Палатаның бұл жағдайда ашық диалог алаңы болғанын атап өтті.

«Кәсіпкерлер үшін уәкілетті органдардан ресми әрі сенімді ақпаратты тікелей алу аса маңызды. Бұл – компанияның корпоративтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан ерікті кері қайтару. Ол қандай да бір заңбұзушылықтың салдары емес. Біздің міндетіміз – бизнеске құқықтық аспектілерді түсіндіріп, барлық сұрақ пен алаңдаушылықты жою», – деді ол.

Кездесуге қатысушылар жағдайды үрей туғызбайтын, алдын алу сипатындағы шара ретінде бағалады. Мамандар кәсіпкерлер мен тұтынушыларды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, кері қайтарылған партияларды мұқият тексеруге шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -