«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «ҚазТрансОйл» АҚ-да өткен кеңесте компанияның 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын шығарып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі. Жиында ұлттық оператордың өндірістік көрсеткіштері, энергия тиімділігі, цифрландыру және әлеуметтік бағыттағы бастамалары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Соңғы жеті жылдағы рекорд
Кеңес барысында «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Арман Қасенов 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания еліміздің магистралды мұнай құбырлары жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткенін атап өтті.

Негізгі көрсеткіштердің бірі — мұнай тасымалының рекордтық көлемі. 2025 жылы ҚТО жүйесі арқылы 45,1 млн тонна мұнай тасымалданды. Бұл — соңғы жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұнай жүк айналымы 36 млрд тонна-километрден асты.
Отандық НПЗ-ларға жеткізілім артты
Ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай көлемі де өсім көрсетті. 2025 жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына 18 млн тонна мұнай жөнелтілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп.

Бұл көрсеткіш ел ішіндегі мұнай өңдеу саласының тұрақты жұмыс істеуіне және жанар-жағармай нарығындағы теңгерімді сақтауға тікелей әсер етеді.
Халықаралық бағыттағы өсім
Шетелдік активтер бойынша да оң динамика байқалды. «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ тобы мен Petrotrans Limited компаниясы арқылы 2025 жылы мұнай өнімдері мен газды қайта тиеу көлемі 1,9 млн тонна болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3 пайызға жоғары.

Ал жүк қайта тиеудің жалпы көлемі 7,2 млн тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 10 пайызға артты. Бұл ҚТО-ның халықаралық логистикадағы рөлінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Энергия тиімділігі және экология
Кеңесте энергия тиімділігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Технологиялық режимдерді оңтайландыру мен жаңа тәсілдерді енгізу нәтижесінде:
- 9 млн м³ табиғи газ,
- 1 675 кВт·сағ электр энергиясы үнемделді.
Экономикалық тиімділік 361 млн теңгені құрады, ал парниктік газдар шығарындылары 2,8 тоннаға қысқарды.
Сонымен қатар 2025 жылы мұнай жүк айналымына шаққандағы энергияның үлестік шығыны 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға төмендеді. Ал 2010 жылдан бері бұл көрсеткіш 60 пайызға қысқарған.

Жасанды интеллект пен қауіпсіздік
Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында «ҚазТрансОйл» бірқатар жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.
Соның ішінде — құбырлардың тұтастығын басқарудың ақпараттық жүйесін енгізу. Жасанды интеллект технологияларын қолдану:
- мұнай тасымалының қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға,
- апат санын азайтуға,
- жөндеу шығындарын төмендетуге,
- өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге мүмкіндік береді.
Қызметкерлерге жағдай жасау
Өндірістік көрсеткіштермен қатар компания әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды да жалғастыруда. 2025 жылы ҚТО өндірістік алаңдарында 10 мың шаршы метрден астам әлеуметтік-тұрмыстық үй-жайлар жаңартылып, жаңа заманауи ғимараттар пайдалануға берілді.
2025 жылдың нәтижелері «ҚазТрансОйл»-дың тек өндірістік қуатты сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеріп отырғанын көрсетеді. Рекордтық тасымал көлемі, энергия үнемдеу, цифрландыру мен қызметкерлерге жасалған жағдай — ұлттық оператордың ұзақ мерзімді тұрақты даму стратегиясының нақты көрінісі.