Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды конституциялық өзгерістер жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Парламентті түбегейлі жаңғырту ұсынылады
Отырыстың басында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі өте ауқымды.

Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ ұстанымын жеткізіп, бұл реформалар саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға және қоғамның сұранысына жауап беруге бағытталғанын атап өтті.
Жаңа бір палаталы Парламенттің моделі
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан түскен ұсыныстар негізінде әзірленген конституциялық реформаның негізгі тәсілдері туралы баяндады.

Оның айтуынша, былтырғы қазан айынан бері өткен отырыстарда жаңа бір палаталы Парламенттің қызметіне қатысты барлық негізгі мәселелер қаралған. Атап айтқанда:
- депутаттар саны;
- өкілеттік мерзімдері;
- сайлау тәртібі;
- заң шығару тетіктері;
- Парламенттің биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимылы.

Қоғамнан мыңдаған ұсыныс түсті
Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан e-Otinish және eGov платформалары арқылы азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар туралы мәлімет берді.

Бірнеше ай ішінде барлық саяси партиялар, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты өз бастамаларын жолдаған.
Сонымен қатар, Парламенттік реформадан бөлек, Жұмыс тобына 1,6 мыңға жуық азаматтық ұсыныс келіп түскен. Олар мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты болды.
Саяси партиялар: реформа ауқымды
Парламент Мәжілісіндегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов алдағы конституциялық өзгерістердің ауқымы кең әрі жүйелі екенін атап өтті.

Олардың айтуынша, өңірлерде өткен депутаттардың жұмыс кездесулерінде азаматтар алдағы саяси реформаға ерекше қызығушылық танытқан.

Жиында сондай-ақ Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Никита Шаталов, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов өз пікірлерін білдірді.

Президенттің түйінді мәлімдемесі
Отырысты қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін атап өтті. Осы кезеңде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасқанын айтты.

Президент қыркүйек айындағы Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын, барлық сараптамалық қорытындыларды, ұсынылған түзетулер жобаларын және азаматтардың пікірлерін егжей-тегжейлі зерделеп жатқанын жеткізді.
Саяси жүйені реформалаудың мәніне тоқталған Мемлекет басшысы институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажеттігін атап өтті.

«Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен осы мәселе бойынша нақты ұсыныстарымды айтамын. Нақтылай айтқанда, елімізде сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси модель қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірнеше бөлімін қайта қарау қажет. Сондықтан бұрын енгізілген өзгерістерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
