Қазақстан құрамасы Милан-2026 Олимпиадасына тағы 4 жолдама иеленді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биатлоннан 2025-2026 жылғы маусымдағы әлем кубогы кезеңіндерінің нәтижесінде Қазақстан командасы 4 квотаға қол жеткізді. Сәйкесінше, Милан-Кортина ойындарында елімізден 2 ер, 2 әйел сынға түседі. Осы тұста аталған жолдама жекелей спортшыға емес, Ұлттық федерацияға берілгенін айта кеткен жөн. Италияға нақты кімдердің баратынын жақында Қазақстан құрамасының бапкерлер кеңесі жариялайды.
Қазір Қазақстан еншісінде келесі спорт түрлерінен лицензия бар:
- Конькимен жүгіру спорты (12 лицензия) - Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко.
- Шорт-трек (9 лицензия) - Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан.
- Мәнерлеп сырғанау (2 лицензия) - Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина.
Олимпиада лицензиясына қатысты қорытынды ақпарат қаңтардың аяғында белгілі болады. XXV қысқы олимпия ойындары Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.