ҚР Ішкі істер министрлігі өткен жылдардағы қылмыстардың ашылуын ерекше бақылауда ұстап келеді.
Осы орайда, 17 қаңтар күні Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі жауынгерлерінің күштік қолдауымен 1993 жылы туған азаматты ұстады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алынған жедел ақпарат негізінде аталған тұлғаның Орал қаласының аумағында аса ауыр қылмыс - кісі өлтіргені және мемлекетаралық іздеуде жүргені анықталды. Ол 2024 жылдан бері іздеуде болған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі өткен жылдардағы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Бұл жағдай жазаның бұлтартпастығын тағы бір мәрте дәлелдейді, қылмыстың өтеуі - жаза.