Қызылордада Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған гала-концерт өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

V Ұлттық құрылтай аясында Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Айналдым сенен, Атамекен» атты гала-концерт өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ақынның жұбайы Жұмагүл Сариева, сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері қатысты.

Кеш барысында ақынның патриоттық және лирикалық әндері орындалды. Атап айтсақ, «Қарағым-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Сен мұңыңды бер маған», «Өкінбе сен» және басқа да туындылары шырқалды. Барлық әндерді облыстық симфониялық оркестр мен «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі сүйемелдеді.

Шөмішбай Сариев 300-ден астам өлең жазып, 15 кітап шығарған. Ол қазақ әдебиеті тарихында Ираклий Абашидзе, Ольга Берггольц, Андрей Дементьев, Роберт Рождественский, Луиш де Камоэнс және өзге көптеген ақындардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған дарынды аудармашы ретінде де лайықты бағасын алды.

Гала-концерт өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, ақын шығармашылығын көпшілікке насихаттады. Кеш соңында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан ықылас гүлі табысталды.