Қазақстан мен АҚШ агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты кеңейтуде

814
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен АҚШ агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл мәселелер Қазақстан ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен АҚШ Сауда өкілінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі көмекшісінің орынбасары Оля Лутчиннің кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын қарастырып, сауда, инвестиция және АӨК-тің негізгі салаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Ермек Кенжеханұлы АҚШ-тың Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес болып қала беретінін атап өтті. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіп өнімдерінің тауар айналымы 110,2 млн АҚШ долларын құрап, тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр.

Вице-министр Қазақстанның әлемдік астық нарығындағы рөліне де тоқталды. Ел әлемдегі астық экспорттаушы үздік он елдің қатарына кіреді және ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында тұр. Қазақстан жыл сайын сыртқы нарықтарға 13–14 млн тонна астық өнімдерін жеткізеді. Сонымен қатар астықты терең өңдеуді дамытуға ерекше мән берілуде, оның экспорттық әлеуеті 1,6 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр.

Кездесу барысында мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды. Қазақстанда 180 млн гектардан астам жайылым бар және сиыр етін өндірудің қалыптасқан жүйесі жұмыс істейді. 2010–2024 жылдар аралығында АҚШ-тан шамамен 32,1 мың бас асыл тұқымды ірі қара импортталып, бұл отандық мал басының өнімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан тарапы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыты ретінде селекция және генетика саласында америкалық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелері де талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстанда PepsiCo және Mars сияқты америкалық компаниялардың қатысуымен бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Тараптар, соның ішінде астықты терең өңдеу саласында, жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесуді қорытындылай келе, Ермек Кенжеханұлы Қазақстанның АҚШ-пен сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейтуге ашық екенін атап өтіп, елдер арасындағы сындарлы диалогтың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -