Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы жүйелі заңбұзушылықтар мен қаржы жымқыру деректеріне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, ел бойынша ресурстар жұмылдырылып жатқан тұста білім беру мен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат ашық түрде талан-таражға салынып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жеке мектептерді қаржыландыру жүйесі бұрмаланған
Президент соңғы уақытта азаматтардан жеке мектептерді қаржыландыру тетігіне қатысты өтініштер жиілеп кеткенін айтты. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Turkistan газетіне берген жуырдағы сұхбатында айтқан ұстанымын еске салды.
«Білім беру саласын мемлекеттік қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі бұрмаланған және оны шұғыл түрде түзету қажет. Жеке мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің жетілмегендігі салдарынан заңсыз әрі негізсіз шығындар анықталды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру механизмін жедел реформалауды, нақты әрі түсінікті критерийлер қалыптастыруды тапсырды. Сонымен бірге, ол орта білім беру жүйесін дамытуда бизнестің оң рөлін ескеру маңызды екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау саласында да ұқсас жағдай
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, дәл осындай мәселелер денсаулық сақтау жүйесінде де орын алып отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кешенді тексерісі көптеген заңбұзушылық пен асыра сілтеуді әшкерелеген.
Негізгі фактілер - жалған есептер, қызметтерді қолдан жасау және құжаттарды бұрмалау арқылы мемлекеттік қаражатты ірі көлемде жымқыру.
«Ел экономикасының сапалы өсуі, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, денсаулық сақтау саласын дамыту үшін бүкіл мемлекет күш пен қаржыны жұмылдырып отыр. Ал осы уақытта әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат ашық түрде талан-таражға салынып жатыр», – деді Президент.
Ол 2024-2025 жылдары тек денсаулық сақтау саласын дамытуға 7,8 трлн теңге бөлінгенін еске салды.
Қаражат халық үшін бөлінеді
Президенттің айтуынша, білім беру мен денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындардың түпкі мақсаты - азаматтардың өмір сапасын жақсарту және Әділетті Қазақстан қағидаттарын іске асыру.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына барлық коррупциялық схемалардың түпкі бенефициарларын анықтауды тапсырды.
Медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігіне өтеді
Мемлекет басшысы Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін қолдайтынын айтты.
«Қорда орын алған жағдайлар - әлеуметтік саланы басқарудағы кәсібиліктің жоқтығы мен мемлекеттік мүддеге деген немқұрайлылықтың нәтижесі. Сондықтан шенеуніктердің адалдығына деген сұраныс әлі де өзекті, бұл - жалпыұлттық деңгейдегі мәселе», – деп түйіндеді Президент.
Кең ауқымды реформалар контексінде
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізу қажеттігін де айтқан болатын. Президенттің сөзінше, экономика мен бизнес жаңа салық ережелеріне өтуде, ал Үкімет пен әкімдіктер бұл үдерістің тегіс әрі қақтығыссыз өтуін қамтамасыз етуі тиіс.