Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының дипломаттары «Tencent» компаниясы ұйымдастырған «Weixin Open Class PRO 2026» халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Конференция барысында Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ өкілдері — Қайрат Сұлтанбеков пен Валерий Гаан қатысып, мемлекеттік шекарадан өту процестерін цифрландыруға, сондай-ақ ілеспе логистикалық және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған «CarGoRuqsat» мини-бағдарламасын таныстырды.
Конференцияның қорытындысы бойынша ҚР ҚМ «АЕО» АҚ жүзеге асырған «CarGoRuqsat» жобасы халықаралық қатысушылар арасында үздік трансшекаралық цифрлық шешімдердің бірі ретінде танылып, жүлделі орынға ие болды.

Сонымен қатар, халықаралық қазылар алқасы «Silk Road Express» жобасына жоғары баға берді. Аталған жоба — «Weixin» платформасындағы мини-бағдарлама болып табылады және Қазақстан Республикасының «CarGoRuqsat» электрондық кезек мемлекеттік сервисімен интеграцияланған. Бұл шешім қытайлық тасымалдаушыларға мемлекеттік шекарадағы электрондық кезек, төлем құралдары, хабарландыру жүйесі және сервистік қолдау қызметтеріне ыңғайлы цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз етіп, халықаралық тасымалдардың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді.