Бас көлік прокуратурасының басшылығы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Балқаш қаласында «ҚАЖсервис» ЖШС мердігерлік ұйымының жол қауіпсіздігі және жолдарды күтіп ұстау мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Талқылауға көктайғақ кезінде Балқаш – Сарышаған тасжолында көлік қозғалысының тоқтап қалуына қатысты жүргізушілердің шағымдары мен мердігердің қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге дайын еместігі себеп болды. Прокурорлық тексеріс барысында көктайғаққа қарсы материалдарды сатып алу кезіндегі заңбұзушылықтар, техника тапшылығы, сондай-ақ қаржылық заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру жұмыстары жалғасуда.
Жұмыс сапары аясында көлік инфрақұрылымы нысандары да тексерілді. Балқаш қаласының әуежайында құны 2,7 млрд теңге болатын әуежай кешенін реконструкциялау жұмыстары 90%-ға орындалды, жұмысты аяқтау 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған. Бұдан бөлек, жылына 307 мыңнан астам жолаушы қатынайтын «Балқаш-2» станциясының теміржол вокзалына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеуге 846 млн теңге бөлінген, аяқталу мерзімі — 2026 жылдың ақпаны.