Роботтар, дрондар және төрттабанды саперлар: Қонаев гарнизонында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті

1089
Фотосурет: Gov

Инженерлік әскерлері күні қарсаңында Қонаев гарнизонында Алматы қаласы мен Алматы облысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Инженерлік-саперлік бригада аумағында журналистер үшін қару-жарақ, әскери және арнайы техниканың көрмесі өткізілді. Онда заманауи инженерлік машиналар, минасыздандыру құралдары, робототехникалық кешендер, инженерлік барлау кезінде қолданылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары таныстырылды.

Инженерлік қалашықта әскери инженерлер су қамтамасыз ету пунктін жабдықтау, далалық электрмен жабдықтау бекетін орналастыру және бақылау-өткізу пунктін ұйымдастыру бойынша практикалық сабақтар өткізді. Сонымен қатар, минасыздандыру топтарының әрекеттері көрсетілді.

Инженерлік-саперлік бригаданың командирі подполковник Қанат Тәңірбергенов БАҚ өкілдеріне инженер әскерлерінің міндеттері туралы айтып берді. Оның айтуынша, негізгі қызметінен бөлек, бөлімшелер төтенше жағдайлар кезінде азаматтық халыққа көмек көрсетеді. Әскери инженерлер су тасқыны кезінде паром өткелдерін ұйымдастырады, қар құрсауында қалған адамдарды эвакуациялайды, электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді және төтенше жағдайлардың салдарын жояды.

Пресс-тур барысында журналистер Қарулы күштердің Минасыздандыру орталығына да барды. Бұл мекеме 2022 жылы БҰҰ-ның аккредитациясынан өтіп, гуманитарлық минасыздандыру саласындағы халықаралық стандарттарға сай екенін растаған. Алынған сертификат орталыққа, соның ішінде шетелдік әскери қызметшілерді де БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуға даярлауға мүмкіндік береді.

Минасыздандыру орталығының әскери қызметшілері журналистерге жарылғыш заттарды анықтау құралдарын, робототехникалық кешендер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану тәртібін, сондай-ақ минаны іздейтін қызметтік иттермен жұмыс істейтін кинологиялық есептоптардың қызметін көрсетті.

Аталған іс-шара Қонаев гарнизонының инженерлік-саперлік бөлімшелерінің жауынгерлік және арнайы даярлық деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -