Қазақстан Азия чемпионатының медальдық есебінде сенімді түрде көш бастады

847
Фотосурет: Gov

Қазақстан стенд атудан Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте көш бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қатар астанасы Дохада стенд атудан ересектер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Сары құрлық біріншілігіне Азияның 17 елінен келген 200-ге жуық спортшы бақ сынап, мергендік шеберлігін ортаға салды. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері де бар. Ел құрамасынан Азия біріншілігінде 41 спортшы бақ сынады.

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша отандық мергендер 14 медаль (5 алтын, 4 күміс, 5 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Екінші орынды жарыс қожайыны Қатар құрамасы иеленсе (8 медаль), үздік үштікті Кувейт спортшылары (7 медаль) түйіндеді.

Жарыс барысында Эдуард Ещенко, Адель Садақбаева және Элеонора Ибрагимова үш әлемдік және үш Азия рекордын жаңартқанын ерекше атап өткен жөн.

Ел құрамасынан Азия чемпионатында Адель Садақбаева, Қазақстан әйелдер командасы (Адель Садақбаева, Ольга Хайлова, Әсем Орынбай), Қазақстан ерлер командасы (Максим Почивалов, Владислав Заводиленко, Артем Ревков), Қазақстан әйелдер командасы (Элеонора Ибрагимова, Анастасия Прилепина, Наргиза Сарманова) және Қазақстан ерлер командасы (Денис Кривенко, Антон Бельский, Егор Царев) алтыннан алқа тағып, Әнұранымызды шырқатты.

Ал Эдуард Ещенко, Максим Почивалов, Максим Бедарев, Элеонора Ибрагимова күміспен күптелсе, Ольга Хайлова, Қазақстан ерлер командасы (Ратмир Еникеев, Эдуард Ещенко, Илья Пеньков), Қазақстан аралас командасы (Эдуард Ещенко, Әсем Орынбай), Владислав Заводиленко және Денис Кривенко қола жүлдені қанағат тұтты.

Осылайша, отандық мергендер үздік нәтижесімен сары құрлық бәсекесінде еліміздің стенд ату спортындағы әлеуетін көрсетіп, Қазақстанды Азиядағы көшбасшы елдердің бірі екенін дәлелдеді.

Қазіргі таңда ҚР спорттық ату федерациясын ҚР Бас прокуроры Берік Асылов басқарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -