Шығындардың бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шараларының арқасында жиһаз өндіретін қазақстандық кәсіпорын үшін инновациялық жабдық сатып алу барынша тиімді болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Заманауи станоктар компанияға шамамен екі есе арзанға түсіп, бұл инвестицияның өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартуға және өндірісті сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.
Қазақстанда жиһаз өнеркәсібі қарқынды түрде дамып келеді. Бұл үрдіс құрылыс саласының белсенді өсуімен, тұрғын үй және коммерциялық нысандарды пайдалануға беру көлемінің артуымен тікелей байланысты.
Бүгінде ел аумағында жиһаз және оған қажетті құрамдас бөлшектер шығаратын 1 818 кәсіпорын тіркелген. Олардың басым бөлігі шағын бизнес субъектілері болып табылады. Бұл жағдай барлық компаниялардың қымбат технологиялық жабдықтарға инвестиция салуына мүмкіндік бермейді. Бәсекелестік күшейген қазіргі жағдайда өндірістік процестерді автоматтандыратын, адами факторды барынша азайтатын және бөлшектерді өңдеуде жоғары дәлдікті қамтамасыз ететін жабдықтың болуы жиһаз фабрикалары мен цехтар үшін аса маңызды.
Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұсынатын технологиялық жабдықты сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу тетігі кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға және одан әрі дамуды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы қолдауды отандық жиһаз және ағаш ұсталық бұйымдар өндіру саласындағы көшбасшылардың бірі - алматылық «Mebitex Group» ЖШС де пайдаланды. Өткен жылы кәсіпорын қытайлық Nanxing брендіне тиесілі екі заманауи станокты шамамен 37 млн теңгеге сатып алды. Кейін компания басшылығы шығындардың бір бөлігін өтеу үшін QazIndustry-ге жүгінді.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы кәсіпорын www.qazindustry.gov.kz ресми интернет-ресурсы арқылы білген. Бұл сайтта өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізбесі және ынталандыру шараларын алу шарттары толық көрсетілген.
«QazIndustry технологиялық жабдық сатып алуға кеткен шығындардың 40 пайызын өтейтіні, біз үшін жағымды жаңалық болды. Құжат жинау белгілі бір уақытты талап етті, алайда нәтижесінде бізге 14,7 млн теңге көлемінде өтемақы берілді. Бұл - кәсіпорын үшін нақты қолдау. Қайтарылған қаражатты әрі қарай дамуға бағыттадық. Әйтпесе, бұл әлдеқайда көп уақыт алар еді», — дейді «Mebitex Group» ЖШС директоры Гаухар Чуйгарова.
Қытайдан әкелінген жабдық кәсіпорынның өндірісін жаңа деңгейге шығарды. Nanxing станоктары негізгі өндірістік циклдерді - кесу, бұрғылау, жиек қаптау және фрезерлеу жұмыстарын толық автоматтандыруға мүмкіндік берді. Бұл өндірістік қуаттың артуына және бұрын көп уақыт пен ресурс талап еткен күрделі ағаш ұсталық бұйымдардың сапалы орындалуына жол ашты.
Жабдықты енгізу нәтижесінде бөлшектерді өңдеу жылдамдығы бірнеше есеге артты және өндірістік ақаулар барынша азайды. Бұл өз кезегінде тапсырыстарды орындау мерзімінің қысқаруына және өнім шығару көлемінің өсуіне тікелей әсер етті.
Қазіргі таңда кәсіпорында 56 адам жұмыс істейді. Өткен жылы мұнда 2,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал биыл жаңа жабдықтың арқасында компания табыстың одан әрі артуын күтуде.
Еске сала кетейік, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы бизнеске мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынатын ұлттық оператор болып табылады. Өткен жылы орталық кәсіпорындардың 1,4 млрд теңгеден астам шығындарын өтеді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың соңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан мемлекеттік қолдау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер отандық өндірушілерді көбірек қамтуға және олардың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, басым тауарларды еліміз аумағында теміржол арқылы тасымалдау шығындарының жартысын өтеу, халықаралық сертификаттауға арналған өтемақы көлемін ұлғайту және салық талаптарын жеңілдету қарастырылды.