Экономика өсіп келеді, бағалар да қымбаттап жатыр: тепе-теңдік қайда және алда не күтеміз – Ұлттық Банк түсіндіреді

1078
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Ulysmedia.kz/DKNews.kz

2026 жылғы 23 қаңтарда Астанада ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, ақша-кредит саясаты жөніндегі негізгі шешімді жариялады: Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл шешім инфляцияның ағымдағы динамикасын, баға өсімін қозғап тұрған факторларды және тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданған. Ең бастысы - Ұлттық Банк қазірдің өзінде инфляцияның аздап баяулағанын мойындайды, бірақ тұрақты дезинфляциялық траектория қалыптасты деуге әлі ерте екенін ашық айтты. Баға қысымы экономикада жоғары күйінде тұр.

Инфляция 12,3%: шыңнан кейінгі баяулау бар, бірақ инерция күшті

Төрағаның мәлімдеуінше, 2025 жылдың қорытындысында инфляция 12,3% дейін жеделдеді. Инфляцияның ең жоғары деңгейі 2025 жылғы қыркүйекте қалыптасып, 12,9% болған. Желтоқсанда, қарашамен салыстырғанда, баға өсімінің қарқыны бәсеңдей бастағаны байқалды - әсіресе азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер сегментінде. Мұнда ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты, тарифтердің әкімшілік тарапынан төмендеуі және инфляцияға қарсы өзге де шаралар әсер еткен.

Алайда осы оң сигналдарға қарамастан, Ұлттық Банктің бағалауынша, экономикадағы баға қысымы әлі де жоғары. Өйткені азық-түлік инфляциясы қайта үдей түсті, ал салық реформасы мен ҚҚС бойынша күтілімдер халық пен бизнестің инфляциялық күтулерін көтеріп жіберді. Сонымен бірге базалық жылдық инфляция да жоғары деңгейде қалып отыр. Яғни баға процестері инерциялық сипат алып, инфляцияның «тұрақты» сипаты күшейген.

Елдегі экономикалық белсенділік те жоғары. Халық табысының төмендеуі мен тұтынушылық кредиттеудің баяулағанына қарамастан, ішкі сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал әлемдік азық-түлік бағасы соңғы айларда аздап төмендесе де, алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерге жақын жоғары деңгейде қалды, әрі төмендеу қарқыны әлсірей бастаған.

Осының бәрі - инфляция тұрақтанғандай көрінгенімен, проинфляциялық факторлардың басым екенін көрсетеді. Оның үстіне алдағы тоқсандарда ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мен салық төлеушілер шеңберінің кеңеюін көздейтін ауқымды салық реформасы іс жүзінде қалай іске асатыны ерекше маңызды болады. Ұлттық Банк бизнестің жаңа ережелерге бейімделуін мұқият бақылау қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, бірінші тоқсаннан кейін қайта жанданады деп күтіліп отырған тарифтер мен қайта қаралған бағалардың инфляцияға ықпалын тұрақты мониторингтеу де күн тәртібінде.

Осы жағдайда Ұлттық Банк ұстанымы айқын: инфляцияны біртіндеп әрі тұрақты төмендету үшін қалыпты қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Үкіметпен бірге Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы және Инфляцияны бақылау мен төмендету шараларының кешені аясындағы инфляцияға қарсы саясат нақты орындалуға тиіс. Сондықтан базалық мөлшерлеме 2026 жылдың бірінші жартысында жоғары ықтималдықпен қазіргі деңгейінде қалады - бұл инфляцияны түсіру және оның тұрақты баяулауын орнықтыру үшін қажет.

@ Максим Золотухин/DKNews.kz

Бірінші фактор: инфляция мен күтулер - басты қысым азық-түліктен

Төрағаның мәлімдемесінде бірінші блок толықтай инфляция динамикасы мен инфляциялық күтулерге арналды. Желтоқсан қорытындысында жылдық инфляция 12,3%-ке дейін баяулап, Ұлттық Банктің болжамына сай қалыптасты. Бірақ инфляция екі мәнді деңгейде қалды, ал экономикадағы инфляциялық қысым инерциялық сипат көрсетті.

Ең ауыр қысым көзі - азық-түлік. Желтоқсанда азық-түлік инфляциясы 13,5%-ке өсті. Баға қозғалысы біркелкі емес: кей тауар нарықтарында дисбаланс бар. Әсіресе ет және ет өнімдері сегменті айрықша назарда. Бұл жерде бағаның жылдық өсімі 22,6%-ке жетіп, 2012 жылғы қаңтардан бергі ең жоғары деңгей тіркелді. Сонымен қатар қой еті, кондитерлік өнімдер, түсті қырыққабат, алма, балық, жеміс-жидек, майлар мен тоңмай бағасы да тез қымбаттады. Мұның бәрі азық-түлік инфляциясын күшейтіп, жалпы инфляция деңгейін жоғары ұстап тұр.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бойынша керісінше баяулау байқалады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,1%-ке дейін төмендеді. Айлық көрсеткіш бойынша да оң динамика бар: бағаның өсуі қарашадағы 0,9%-ке қарағанда 0,7%-ке дейін баяулаған. Мұнда теңгенің нығаюы импортты арзандата отырып сдерживаушы фактор ретінде жұмыс істеді. Бірақ жанар-жағармай бағасының өсуі бәсеңдесе де, қайталама әсерлер арқылы инфляциялық қысым әлі де сақталып отырғаны айтылды.

Қызмет көрсету саласында да баяулау бар - инфляция 12,0%-ке дейін төмендеді. Бұл Үкіметтің тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий енгізуімен байланысты. Дегенмен реттелмейтін нарықтағы қызметтер - туризм, денсаулық сақтау, тұрғын үйді жалға алу және басқа да бағыттарда баға өсуі әлі тоқтаған жоқ. Коммуналдық тарифтерді есепке алмағандағы сервистік инфляция 12,9% болды.

Айлық инфляция желтоқсанда 0,9% болып, қарашадағы 0,8%-тен жоғары шықты. Инфляцияның «тұрақты» бөлігін көрсететін индикаторлар да жоғары: маусымдық түзетулерді ескергенде инфляция 0,7%-тен 0,8%-ке дейін жеделдеді, медианалық базалық бағалау 0,8% деңгейінде қалды. Бұл экономикада баға қысымы әлі әлсіремегенін білдіреді.

Инфляциялық күтулер де күшейіп отыр. Халықтың бір жылға инфляциялық күтулері 14,7%-ке дейін көтерілді. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға инфляция болжамдары 10,0%-тен 10,8%-ке дейін түзетілді. Бұл ретте бес жылдық көкжиектегі күтулер 14,3%-ке дейін біршама төмендеді - Ұлттық Банк мұны оң белгі ретінде атап өтті. Бірақ жалпы тәуекелдер балансы әлі де бағаның өсуіне ыңғай беріп тұр. Сондықтан ақша-кредит шарттарын ұстамды қатаң қалпында сақтау қажет деген қорытынды жасалды.

Екінші фактор: ішкі экономика - өсім жоғары, сұраныс мықты

Ұлттық Банк экономикадағы үрдістерге тоқталғанда, Қазақстанның 2025 жылы жоғары қарқынмен өскенін айтты: ЖІӨ өсімі 6,5%. Экономикалық өсімнің қозғаушы күштері өзгерген жоқ - көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда негізгі үлесті беріп отыр. Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика байқалады.

Ішкі сұраныс тұрақты: бөлшек сауда мен қызметтерге сұраныс өсуде. 2025 жылдың қорытындысында бөлшек сауда айналымы нақты мәнде 7,5%-ке артты. Желтоқсанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар сатылымының жеделдеуі де байқалған - бұл сол кезеңде күтілген салық жүйесіндегі өзгерістермен байланысты деп түсіндірілді.

Сонымен қатар, табыс пен кредиттеу динамикасы белгілі бір тежегіш әсер беріп отыр: инфляция табыс көлеміне қысым жасауда. Дегенмен кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің баяулауы - оң құбылыс ретінде бағаланды. 2025 жылғы 11 ай қорытындысында кредит беру өсімі жыл басымен салыстырғанда 7,3% болды.

Инвестициялық белсенділік те жоғары: негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 13%-ке өсті, ал шикізатқа жатпайтын сектордағы жеке инвестициялар 19,1%-ке дейін артты.

Үшінші фактор: сыртқы конъюнктура - азық-түлік қымбат, геосаясат белгісіз

Сыртқы ортада инфляциялық қысымның әлсіреу белгілері байқалады, бұл әлемдегі азық-түлік нарықтарындағы жағдайдың біршама жақсаруымен байланысты. Бірақ Ұлттық Банк бұл жерде де сақтық танытады: әлемдік азық-түлік бағасы әлі жоғары. Сиыр еті әлемде екі мәнді қарқынмен қымбаттап жатыр. Дәнді дақылдар бағасы екі ай қатарынан көтерілді. Бидай бағасының өсуі Қара теңіз аймағындағы кедергілермен байланыстырылды.

Ірі сауда-серіктес Ресейде инфляция қатаң ақша-кредит шарттарының сақталуына байланысты баяулап келеді - бұл ішкі сұранысты шектеп, бағаның өсуін тежеуге әсер етеді. Еуроодақта инфляция ЕОБ бағалауынша ортамерзімді перспективада нысаналы деңгейге жақындауы тиіс. АҚШ-та ФРЖ 2025 жылы пайыздық мөлшерлемені біртіндеп төмендете бастады, бірақ сақтық ұстанымын сақтап отыр.

Сонымен бірге АҚШ пен Еуропа арасындағы сауда қарым-қатынасында геосаяси тәуекелдер жоғары. Шиеленіс күшейсе, әлемдік сауда мен экономиканың бөлшектену процесі жылдамдауы мүмкін. Бұл халықаралық экономикалық байланыстардың тұрақтылығын бұзып, сыртқы инфляциялық жағдайды нашарлатуы ықтимал. Егер АҚШ пен Еуропа қатынасы қатты ушықса, әлемдік экономикалық белсенділік баяулап, шикізатқа, әсіресе мұнайға сұраныс төмендеуі мүмкін, бұл энергия бағасына жалпы әсер етеді.

Осы контексте Ұлттық Банк Brent мұнай бағасы базалық сценарийге сәйкес қалыптасып отырғанын атап өтті: 22 қаңтардағы жағдай бойынша фьючерстер барреліне шамамен 65 доллар.

«Инфляцияға қарсы құрал - тек мөлшерлеме емес»: Ұлттық Банктің 2025 жылғы сабақтары

Тимур Сүлейменов 2025 жылы Ұлттық Банк Үкіметпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп инфляциялық қысымды азайту үшін бірқатар маңызды шешім қабылдағанын айтты. Мұнда басты ой: инфляцияға қарсы күресте тек базалық мөлшерлеме ғана емес, басқа да құралдар маңызды рөл атқарады.

Өткен жылғы негізгі қиындықтардың бірі - фискалдық ынталандыру көлемінің жоғары болуы. Оның ішінде Ұлттық қордан алынған трансферттер ерекше аталды: 2025 жылы ҰҚ-дан алынғаны 5,341 трлн теңге. Екінші үлкен фактор - тұтынушылық кредиттеудің жоғары қарқыны.

Осы мәселелерге жауап ретінде 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халық табысын арттыру бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қамтитын кешенді антиинфляциялық саясат іске қосылды. Үйлестіру нәтижесінде 2026 жылдан бастап экономикаға проциклдік фискалдық ықпал етуді төмендететін бюджеттік шоғырландыру жоспары белгіленді.

Ұлттық Банк тарапынан өтімділіктің құрылымдық профицитін қысқарту және монетарлық бейтараптыққа көшу шаралары қабылданды. Мұнда негізгі құрал ретінде алтын сатып алу операцияларын айналау механизмі және банктер үшін ең төмен резерв талаптарын кезең-кезеңімен қайта қарау аталды. Бұл артық өтімділікті төмендетіп, ақша-кредит шарттарын неғұрлым теңгерімді етуге ықпал етті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп макро- және микропруденциялық саясат күшейтілді. Негізгі фокус - тұтынушылық кредиттеуді «салқындату». Кредит сапасына және қарыз алушылардың борыштық жүктемесіне қойылатын талаптар қайта қаралды.

Нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқыны баяулап, 2025 жылғы 11 айда жылдық мәнде 7,3%-ке өсті. Ұлттық Банк бұл көрсеткіш жыл соңына дейін шамамен тағы 1 проценттік тармаққа төмендеуі мүмкін деп күтеді. Бұл инфляциядан және номиналды ЖІӨ өсімінен төмен.

Осылайша өткен жылғы негізгі проинфляциялық тәуекелдер белгілі бір деңгейде тоқтатылды, алғашқы нәтижелер соңғы айларда байқала бастады. Бірақ жүйелі түрде төмендеу туралы айтуға әлі ерте: инфляция жоғары күйінде тұр.

@ Максим Золотухин/DKNews.kz

2026 жылғы басты сынақ: салық реформасының әсері және тарифтер

Ұлттық Банк 2026 жылы да бірқатар күрделі мәселе болуы мүмкін екенін ашық айтты. Бірінші кезекте бұл - ауқымды салық реформасының практикалық параметрлері. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі және салық төлеушілер санын көбейту экономикалық белсенділікке қалай әсер етеді? Компаниялар шығындарын бағаларға қалай қосады? Қаншасы маржа есебінен жабылады? Бұл сұрақтардың жауабы 2026 жылдың бірінші жартысында ерекше бақылауда болады - алғашқы және кейінгі әсерлер мұқият қадағаланады.

Қосымша тәуекелдер: бағаны реттеу реформасын қайта бастау, «Бәйтерек» ИБХ-ның ауқымды инвестициялық бағдарламасының параметрлері, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай саласындағы реформалардың қайта іске қосылуы. «Бәйтерек» бағдарламасы бойынша Ұлттық Банк Үкіметпен бірге квазифискалдық ынталандырудың инфляцияға ықпалын барынша азайтатын келісілген тәсілдерді қалыптастыруға ниетті екенін айтты.

Президенттің азаматтардың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес инфляцияға қарсы күрес бірінші орынға шықты. Мұнда Бірлескен іс-қимыл жоспары мен Инфляцияға қарсы шаралар кешені негізгі рөл атқарады: олар тарифтердің өсу қарқынын реттеуді, ұсынысты кеңейту мен өнімділікті арттыруға бағытталған Үкімет шараларын және басқа да қадамдарды қамтиды.

Ұлттық Банк өз кезегінде ақша-кредит саясаты бағытын өзгеріссіз ұстайды. Бұл инфляциялық қысымды бәсеңдетуге, бағаның тұрақты баяулауына және жаңа инвестициялық циклдің қалыптасуына жағдай жасауға бағытталған.

Базалық мөлшерлеме инфляциямен күресте нақты нәтижеге жету үшін қазіргі деңгейде қала береді. Егер инфляцияны төмендетуде орнықты мүмкіндік болмаса, ақша-кредит саясатын қатаңдату ықтималдығы да жоққа шығарылмайды.

Мақсат өзгермейді: 2026 жылы - бір таңбалы инфляция, орта мерзімде - 5%

Ұлттық Банктің 2026 жылғы басым бағыты - инфляцияны болжамды диапазон (9,5-12,5%) шегінде ұстап, оны бір таңбалы деңгейге орнықтыру. Ал орта мерзімді перспективадағы таргет өзгеріссіз: 5%.

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, төмен әрі тұрақты инфляция - экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының өсуінің кілті. Ұлттық Банктің 2026 жылғы негізгі «үлесі» де - дәл осы мақсатқа қызмет ететін ақша-кредит және макропруденциялық саясат құралдарын толық қолдану.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -