Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта кәсіпкерлерге жаңа талаптарға бейімделуге көмектесу және әкімшілік жүктемені азайту үшін «Бизнес және салықтар» атты арнайы ақпараттық-түсіндіру жобасы іске қосылған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаның кезекті кездесуі арнайы салық режимдері (АСР) бойынша өтпелі ережелерге арналды. Бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова жаңа нормаларға жан-жақты тоқталды.
Бюрократия азайды, рәсімдер жеңілдеді
Кездесу барысында жаңа Салық кодексі аясында бірқатар бюрократиялық процестердің оңтайландырылғаны айтылды.
«Салық есептілігінің бірқатар нысандары алынып тасталды, ал салықтық әкімшілендіру рәсімдері едәуір жеңілдетілді», – деді Гүлмира Сабралимова.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер кәсіпкерлер үшін уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Нөлдік есептілік – айыппұлсыз және бұғаттаусыз
Жаңа тәртіпке сәйкес, есептілікті уақытында тапсырмаған жағдайда қолданылатын тетік те түбегейлі өзгерген.
Бұрын:
- кәсіпкерге ФНО тапсырылмағаны туралы хабарлама жіберілетін;
- кейін банк шоттары бұғатталатын;
- айыппұл санкциялары қолданылатын.
Қазір бұл жүйе басқаша жұмыс істейді.
Егер есептілік белгіленген мерзімде тапсырылмаса, жүйе салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы нөлдік салық есептілігін автоматты түрде қалыптастырады. Бұл ретте:
- айыппұл салынбайды;
- шоттар бұғатталмайды;
- ешқандай хабарлама жіберілмейді.
Бұл жаңашылдық бизнес үшін ең оң өзгерістердің бірі ретінде бағаланып отыр.
Алайда, бір маңызды шарт бар.
«Жүйенің есептілікті автоматты түрде қалыптастыруы үшін кәсіпкер өз салық режиміне сәйкес тапсыруға міндетті есептілік нысандарын салық төлеушінің дерекқорында алдын ала дұрыс таңдап қоюы қажет», – деп ескертті Гүлмира Сабралимова.
Кейінге қалдыру мен кері қайтарып алу жойылды
Жаңа Салық кодексіне сәйкес:
- ФНО-ны кері қайтарып алу;
- есептілікті тапсыру мерзімін ұзарту;
- кейінге қалдыру мүмкіндіктері жойылған.
Сондықтан кәсіпкерлерге барлық нысандарды дұрыс әрі уақытында қалыптастырып, тапсыруға ерекше мән беру қажет.
Қызметі тоқтатылған кәсіпкерлер не білуі керек
Кездесу барысында қызметі уақытша тоқтатылған кәсіпкерлерге қатысты мәселелерге де назар аударылды. Бүгінде мұндай бизнес субъектілері аз емес, алайда олардың көпшілігі қате түсінікке бой алдырып отыр.
Шын мәнінде, қызметі тоқтатылғанына қарамастан, кәсіпкерлер 1 наурызға дейін арнайы салық режиміне, оның ішінде оңайлатылған режимге көшу туралы өтініш беруге міндетті.
Егер бұл талап орындалмаса:
- жүйе кәсіпкерді автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауыстырады;
- бұл қосымша салықтық міндеттемелерге әкеледі.
Арнайы режимге өткеннен кейін кәсіпкер қызметін қайтадан тоқтата алады. Бұл ретте, егер тоқтатуды ұзарту уақтылы рәсімделсе, қызметтің тоқтатылуы өз күшінде сақталады.
«Халықтық бухгалтер»: кәсіпкер мен салық органы арасындағы ашық диалог
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова мемлекеттік кірістер органдары өткізетін «Халықтық бухгалтер» акциясының маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіпкерлер кездесулердің практикалық форматын жоғары бағалайды. Салық органдарының мамандарынан тікелей түсіндірме алу қателіктердің алдын алып, жаңа Салық кодексінің нормаларына көшу кезеңінде өздерін сенімді сезінуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Қайда және қашан кеңес алуға болады
«Халықтық бухгалтер» акциясы 30 маусымға дейін жалғасады. Аптасына үш рет кәсіпкерлер Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, кеңес ала алады.
Ал облыстың басқа қала-аудандарындағы салық төлеушілер 8-771-123-80-84 нөмірі арқылы бейнеқоңырау арқылы жауап алу мүмкіндігіне ие.
Диалог алаңы ретінде сұранысқа ие жоба
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес және салықтар» жобасы жалғасын табатынын хабарлады. Жаңа Салық кодексін енгізу кезеңінде мұндай кездесулер бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық әрі тиімді диалог алаңы ретінде өзектілігін жоғалтпайды.