Қазақстан өңірлер үшін басқарушы кадрларды даярлауды күшейтіп жатыр

759
Фотосурет: Gov

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Аймақтық басқару кадрларының құзыреттерін қалыптастыру» тақырыбында Оқу-әдістемелік бірлестігінің (ОӘБ) мәжілісі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиын жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әлібек Ахмедияр, Агенттіктің Мемлекеттік қызметті өткеру департаментінің директоры Роза Мұратқызы, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова және өзге де белгілі сарапшылар, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Отырысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы - ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. Университет басшысы шараның Ұлттық құрылтайдан кейінгі өтіп жатқан алғашқы жиналыстардың бірі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қауымдастықта лайықты орнымызды алу үшін басқару жүйесін жетілдіруді алға қойғанын жеткізді. Сонымен қатар  ректор басқарушы кадрларды даярлауда жоғары білім беру жүйесінің маңызына тоқталды.

«Бүгінгі отырыс барысында жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатқан «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламаларына талдау мен бағалау ұсынылады. Құзыретті, жауапты әрі нәтижеге бағытталған басқарушы кадрларды қалыптастыру – тек білім беру міндеті ғана емес, бұл – ел үшін стратегиялық басымдық», – деді ректор. 

Вице-министр Гүлзат Көбенова Оқу-әдістемелік бірлестік алаңында кадрларды даярлауға қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін барлық мүдделі тараптар жиналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ауыл әкімдерінің диалог алаңында өңірлік басқарушыларды даярлау мәселесі көтеріліп, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіру міндеті қойылды.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде бұл мамандық бойынша 44 жоғары оқу орнында кадрлар даярланады. Соңғы үш жылда 27 мың маман оқуын аяқтап, олардың шамамен 75 пайызы түрлі қызметке орналасқан. Осы уақыт аралығында аталған мамандық бойынша 31 докторант докторлық диссертация қорғаған.

Сонымен қатар Гүлзат Ізбасарқызы мемлекеттік және жергілікті басқару саласындағы білім беру бағдарламаларының сапалы әзірленгенін айтып, алайда практикалық құрамдас бөліктің, нақты кейстердің жеткіліксіз екеніне назар аударды.

Сондай-ақ жиын аясында мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары, аймақтық басқарушылардың дағдыларын қалыптастыруға бағытталған әкімдер мектебінің тәжірибесі таныстырылды. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламаларын талдау және бағалау, басқарушы кадрлардың практикалық даярлығын арттыруға бағытталған микроквалификация бағдарламаларын енгізу мәселелеріне ерекше мән берілді.

Сонымен қатар қатысушылар өңірлік басқарушы кадрларды даярлау сапасын арттыру Қазақстанның орнықты дамуының, мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтудың және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық басымдықтарды іске асырудың маңызды факторы екенін атап өтті.

Жиын соңында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға, сондай-ақ өңірлік басқарушылардың құзыреттерін дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -