Қазақстанда ВН «Көпір құрылыстары. Көпірдің үйіндімен түйісу аймағы» атты ведомстволық нормативтік құжат қолданысқа енгізілді. Бұл құжат жол жамылғысының шөгуі мен деформациялануы көптеп кездесетін көпір және кіреберіс үйінділері арасындағы өтпелі аймақты жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезінде қолданылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжат Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) тарапынан әзірленіп, жалпы қолданысқа ие автомобиль жолдарындағы көпір құрылыстары бойынша жұмыстардың толық циклін қамтып, инженерлік-геологиялық ізденістерден бастап, конструктивтік шешімдерді таңдау, жөндеу және кейінгі пайдалану кезеңдеріне дейінгі процестерді реттейді.

Нормативте өтпелі плиталар мен төсемдер, олардың тіреу тораптарына, майда тас негіздеріне, дренаждық үйінділер, сондай-ақ үйінді конустары мен жиегін нығайтуға қойылатын талаптар айқындалған. Бұл талаптар көпірлерді жаңадан салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары кезінде қолданылады.

ВН талаптары Қазақстанның барлық климаттық аймақтарында пайдаланылатын көпірлерді, оның ішінде сейсмикалық қауіптілігі 9 баллға дейінгі аудандар мен күрделі инженерлік-геологиялық жағдайлары бар учаскелерде, әлсіз, суланған және шөкпелі топырақтар орналасқан аумақтарды қамтыйды.

Құжатта диагностикалық жұмыстарға ерекше назар аударылған. Көпірдің үйіндімен түйісу тораптарының техникалық жай-күйін тексеру және бағалау әдістемесі енгізіліп, бұл ақауларды ерте кезеңде анықтауға және негізделген жобалық әрі жөндеу шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өтпелі аймақтың тұрақтылығына тікелей әсер ететін инженерлік-геологиялық және гидрологиялық ізденіс материалдарына қойылатын талаптар белгіленген.

Норматив үйіндінің негізі мен денесінің көтергіш қабілетін арттыру тәсілдерін, соның ішінде геосинтетикалық материалдар мен заманауи топырақты нығайтатын технологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастырады. Сондай-ақ, шайылу, эрозия және сырғу үдерістерінен қорғау шаралары да реттелген.
Норматив талаптарының практикалық жүзеге асырылуы заманауи цифрлық құралдарды енгізумен қатар жүргізілуде. Көпірлерді тексеру барысында пилотсыз ұшу аппараттары мен үш өлшемді модельдеу технологиялары қолданылып, түйісу тораптарының цифрлық модельдері қалыптастырылады. Бұл олардың техникалық жай-күйін неғұрлым дәл бағалауға мүмкіндік береді.
Жұмыстар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетімен үйлестіру арқылы іске асырылуда және көпір құрылыстарының сенімділігін арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға әрі автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.
Құжатпен Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының ресми сайтында мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://new-shop.ksm.kz/egfntd/ntdgo/kad/.