Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды жариялады. Солардың ішінде Вице-президент институтын енгізу және Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынысы қоғам назарын ерекше аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Нұрланұлы Жиенбаев Халық Кеңесін құру және Вице-президент институтын енгізу жөніндегі конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндірді.
Саяси жүйенің жаңа архитектурасы
Ержан Жиенбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының ұсыныстары жекелеген өзгерістермен шектелмейді, керісінше, соңғы жылдары біртіндеп қалыптасқан саяси құрылымды біртұтас әрі орнықты жүйеге айналдыруға бағытталған.

«Бұл ұсыныстар бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен қалыптасқан саяси жүйенің логикалық түйіні болмақ», – деді ол.
Оның айтуынша, Вице-президент институтын енгізу мемлекеттік басқару жүйесін тұрақтандырып, билік иерархиясын нақты әрі түсінікті етеді.

Вице-президенттің өкілеттігі қандай болады
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен, яғни депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тағайындайды. Қызметтен босату құқығы да Президентке тиесілі.
Вице-президент:
- Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
- Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді;
- Президент атынан қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатады.
Вице-президенттің өзге де өкілеттіктері Президентпен айқындалады.
Осы институтты енгізуге байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесшіге қатысты нормаларды алып тастау ұсынылып отыр.

Саяси бейтараптық – басты талап
Ержан Жиенбаев Вице-президент лауазымына қойылатын талаптарға да ерекше тоқталды. Конституция деңгейінде мынадай шектеулер бекітілуі тиіс:
- Вице-президент өкілді органның депутаты болмауы керек;
- басқа ақылы қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады;
- өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болмауы тиіс.
Бұл талаптар саяси бәсекелестікті арттырып, барлық партиялар үшін тең жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Халық Кеңесі – қоғамдық келісімнің жаңа форматы
Реформалардың тағы бір маңызды бағыты – Қазақстанның Халық Кеңесін құру. Бұл орган жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған кең ауқымды платформа болмақ.
Ержан Жиенбаевтың айтуынша, Халық Кеңесі:
- Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады;
- қоғамдағы негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіреді;
- елдегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет етеді.
«Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган болады», – деді ол.
Халық Кеңесінің мәртебесі Конституцияда бекітіледі
Халық Кеңесінің мәртебесін бекіту үшін Конституцияда жеке бөлім қарастыру ұсынылады. Онда:
- Халық Кеңесінің жоғары консультативтік орган екені;
- оның құрамын Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары қатарынан қалыптастыратыны;
- ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім, жалпыұлттық құндылықтар бойынша ұсынымдар әзірлеу өкілеттігі нақты жазылады.
Сонымен қатар Президент Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру қажеттігін атап өтті. Бұл норма да Конституцияда көрініс табуы тиіс.

Халық Кеңесі қалай жұмыс істейді
Халық Кеңесінің құрылу тәртібі, құрамы, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері жеке конституциялық заңмен айқындалады.
Жоғарғы органы – Сессия, ол жылына кемінде бір рет шақырылады. Осылайша, Халық Кеңесі Ассамблея мен Ұлттық құрылтай секілді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды.
Ержан Жиенбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне бастайды. Вице-президент институты мен Халық Кеңесі билік тұрақтылығын, қоғаммен диалогты және институционалдық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды тетіктерге айналуы тиіс.
Бұл реформалар елдің ұзақ мерзімді дамуына серпін беретін стратегиялық қадам ретінде бағаланып отыр.
