Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шешімнің артында енді абстрактілі болашақ емес, нақты іске асып жатқан технологиялар тұр. Ең бастысы — олар стартаптарда немесе тәжірибелік зертханаларда емес, елдегі ең күрделі әрі капиталы мол салалардың бірі саналатын энергетикада енгізіліп жатыр.
Энергетика министрлігі прагматикалық ұстанымды таңдады: дабыралы тұжырымдамалар емес, дәл қазір нәтиже беретін жасанды интеллект шешімдері. Яғни инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, апаттар санын азайтып, миллиардтаған теңгені үнемдеуге мүмкіндік беретін технологиялар. Сондықтан назарда — жылдам әрі өлшенетін тиімділік беретін қолданбалы жобалар.
Бүгінде отын-энергетика кешенінде жасанды интеллектіні қолданатын үш негізгі кейс жүзеге асырылып жатыр.
Дрондар мен алгоритмдер бақылауындағы электр желілері
Алғашқы жоба — ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы әуе электр беру желілерін ИИ-дефектоскопиядан өткізу. 4K-камералармен, жылу бейнелеуіштермен және лидар жүйелерімен жабдықталған дрондар желілерді тексеріп, ал компьютерлік көру мен машиналық оқыту алгоритмдері ақауларды автоматты түрде анықтайды: қызып кету, тіректердің деформациясы, сымдардың зақымдануы және басқа да жасырын тәуекелдер.
Бұрын аптаға созылатын қолмен тексеру мен бригадалардың шығуы қазір санаулы сағатпен шектеледі. Мамандардың бағалауынша, бұл технологияны енгізудің экономикалық тиімділігі шамамен 2,5 млрд теңгені құрауы мүмкін — шығындарды азайту және апаттардың алдын алу есебінен.
Қазусыз әрі тоқтаусыз жылу желілерін тексеру
Екінші кейс — акустикалық резонансқа негізделген жылу желілерін роботтандырылған ішкі диагностикадан өткізу. Бұл — құбырларға арналған «ақылды есту» іспетті жүйе: ол жылу беруді тоқтатпай, құбырларды ашпай-ақ олардың ішкі жай-күйін дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Мұндай тәсіл жөндеу философиясын түбегейлі өзгертеді. Қымбат апаттық жұмыстардың орнына — нүктелі және алдын ала қызмет көрсету. Бұл жобадан күтілетін экономикалық тиімділік әлдеқайда жоғары — шамамен 42 млрд теңге.
Газ есептегіші — қателіксіз және дау-дамайсыз
Үшінші жоба газ саласына және тұтынушылардың күнделікті өміріне тікелей қатысты. Жасанды интеллект көмекшісі мобильді қосымша арқылы түсірілген фото бойынша газ есептегіштің көрсеткіштерін автоматты түрде таниды. Алгоритм адами факторды жояды, есептің дәлдігін арттырады және абоненттер мен газ жеткізушілер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді.
Нәтижесінде — қателіктер азаяды, даулы жағдайлар сирейді, деректерді өңдеу жылдамдайды.
Пилоттан — ауқымды енгізуге
Аталған үш шешім де пилоттық сынақтан өтіп, өз тиімділігін дәлелдеді: диагностика жылдамдады, апаттар азайды, ресурстарды пайдалану ұтымды бола түсті. Осыған байланысты 2026 жылы ведомство сынақ кезеңінен электр және жылумен жабдықтау салаларында ИИ-шешімдерді кең көлемде енгізуге көшуді жоспарлап отыр.
Басым бағыттардың қатарында — ИИ-дефектоскопиядағы ақаулар классификаторын кеңейту, ішкі диагностика технологиясын магистральдық құбыржолдарға енгізу және газ саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту бар. Сонымен бірге отандық ІТ-компаниялармен ынтымақтастық та жалғасуда — бұған дейін қол қойылған меморандумдар аясында.
Осылайша Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы біртіндеп ұран болудан қалып, нақты мазмұнға ие болуда. Энергетика саласында ол тұрақты, технологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді өзгерістердің нақты құралына айналып келеді. Үлкен өзгерістер дәл осылай басталады — сөзден емес, жұмыс істеп тұрған алгоритмдерден.