Ана мен ұрыққа қауіп төндірмей: Алматыда бірегей кардиохирургиялық операция жасалды

946
Фотосурет: Gov

Алматы қалалық кардиология орталығында алғаш рет рентген сәулесін қолданбай, жүрекшеаралық қалқаның ақауын эндоваскулярлық әдіспен жабу отасы сәтті жүргізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ота жүректің эхокардиографиясы (УДЗ) арқылы бақылауда өтті. Жүкті болғанына 23 апта болған науқасқа «екіншілік жүрекшеаралық қалқа ақауы» диагнозымен жергілікті жансыздандыру арқылы хирургиялық ота жасалды. Бұл әдіс ана мен ұрыққа рентгенмен сәулелену қаупін болдырмайды.

Алғаш рет жүкті болған науқас тіркелген емханасында кардиологтың тұрақты бақылауында болған. Алайда жүктілік мерзімі ұлғайған сайын жүрек-қан тамырларына түсетін жүктеменің артуына байланысты оның жағдайы нашарлап, жоспарлы түрде ота жасау қажеттілігі туындады.

Ақауды окклюдер көмегімен аз инвазивті эндоваскулярлық жолмен жабу отасын Қалалық кардиология орталығының интервенциялық кардиологтары Астана қаласындағы UMC жүрек орталығының мамандарымен бірлесіп жасады.

Операциялық бригаданың құрамында UMC жүрек орталығының интервенциялық кардиологы Ерік Отарбаев, сондай-ақ Қалалық кардиология орталығының интервенциялық кардиологтары Оразбек Сахов пен Бауыржан Аипов болды.

Отаның басты ерекшелігі — рентген сәулесін қолданбай, толықтай ультрадыбыстық навигациямен орындалуы. Әдетте мұндай хирургиялық ота жүктілік кезінде ұрыққа ықтимал қауіп төндіретін рентгендік бақылаумен жүргізіледі. Ал ультрадыбыстық әдісті пайдалану радиациялық жүктемені толығымен алып тастап, ана мен болашақ баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Ана мен ұрықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Жүктілік дәрігерлердің қатаң бақылауымен жалғасуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -