23 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның биылғы алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Отырыста 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістерді ескере отырып, еліміздегі техникалық реттеу жүйесін одан әрі жетілдірудің басым бағыттары қаралды.

Техникалық реттеу шаралары ішкі нарықты қауіпсіз емес және «көлеңкелі» импорттан қорғаудың, сондай-ақ отандық өндірушілер үшін тең әрі ашық бәсекелестік орта қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі екені аталды. Осы бағытта Техникалық реттеу және метрология комитеті салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп ұлттық техникалық регламенттерді қабылдау және өзектендіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, 2025 жылы көмірге және жоғары кернеулі жабдыққа қатысты ұлттық техникалық регламенттер қабылданып, алкоголь өнімдеріне арналған техникалық регламент қолданысқа енгізілді. Көмір және оны қайта өңдеу өнімдеріне арналған жаңартылған регламентте көмірдің маркалары нақтыланып, сәйкестікті бағалау тетіктері егжей-тегжей айқындалып, талаптар мен көрсеткіштер жүйеленді.

Сондай-ақ алғаш рет электр энергиясын өндіру, бөлу және жеткізу барысында қолданылатын жоғары кернеулі жабдықтың қауіпсіздігіне арналған техникалық регламент қабылданды. Бұл құжат тарату құрылғыларын, трансформаторларды, электр машиналары мен конденсаторларды қамтиды.

Құрылыс саласында ұлттық техникалық реттеуді іске асырудың оң тәжірибесі ерекше аталып өтті. 2023 жылы бекітілген құрылыс өнімдеріне арналған техникалық регламентті енгізу отандық және импорттық өндірушілер үшін сертификаттау талаптарын теңестіріп, қазақстандық компанияларға қатысты кемсітушілікті жоюға мүмкіндік берді.
Техникалық регламенттерді іске асыру мақсатында қабылданған ұлттық стандарттар (СТ РК) мемлекеттің мүддесін қорғау мен экспорттық әлеуетті кеңейтудің тиімді құралына айналып отыр. Мәселен, цемент саласында СТ РК 3361-2022 стандартының қабылдануы цемент өндірісін 14,4 млн тоннаға дейін арттыруға, ал граниттен жасалған жиектастар мен төсеме тақталар өндірісін 30 пайызға ұлғайтуға жол ашты.

Жинақталған оң тәжірибені ескере отырып, жоғары кернеулі жабдық пен көмірге арналған ұлттық техникалық регламенттер бойынша техникалық реттеудің толыққанды экожүйесін қалыптастыруға бағытталған ұқсас даму алгоритмін қолдану ұсынылды. Жалпы алғанда, техникалық регламенттерді қабылдау, енгізу және іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табады.
Отырыста стандарттау мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Қолданыстағы 4 мыңнан астам ұлттық стандарт экономиканың түрлі салаларының дамуына бағытталған. 2025 жылы Ұлттық стандарттау жоспары аясында 61 стандарт бекітіліп, 274 мемлекетаралық стандарт ұлттық стандарт ретінде қабылданды. Бизнес бастамасымен 23 СТ РК әзірленді. Бұл құжаттар жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік, зияткерлік энергия жүйелері, түсті металлургия, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік және басқа да бағыттарды қамтиды.
Сонымен қатар ведомствоаралық комиссия отырысында ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ахуал мен өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ өнімнің өмірлік циклының барлық кезеңдерінде техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру бойынша жүргізілген функционалдық талдаудың қорытындылары тыңдалды.