Дәл жоспарланғандай: ҚХР ЖІӨ-і 2025 жылы 5% өсім көрсетті

1474
Фотосурет: VCG

Қытай 2025 жылы экономикалық даму жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерді орындап, ЖІӨ өсімін дәл 5% деңгейінде қамтамасыз етті. Бұл туралы 19 қаңтарда ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасы хабарлады. Елдің ЖІӨ психологиялық тұрғыдан маңызды 140 триллион юань межесінен асты.

Өсімнің тұрақты көрсеткіштері Қытайда еңбекке қабілетті халық санының қысқаруы жағдайында ерекше әсер қалдырады: бір жылда ол 6,5 млн адамға азайып, 857,9 млн-нан 851,4 млн адамға дейін кеміді. Ал еңбекке қабілетті халық саны азайғанына қарамастан қосылған құн өндірісінің өсуі ҚХР-да еңбек өнімділігінің айтарлықтай артқанын аңғартады, деп атап өтеді бақылаушылар.

Экономиканың дамуында дәстүрлі түрде өндірістік сектор көш бастады, ондағы өсім 5,9%-ды құрады. Ең қарқынды өсім 3D-принтерлер өндірісінде (+52,5%), өнеркәсіптік роботтарда (+28%) және жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдерде (+25,1%) тіркелді. Жыл қорытындысы бойынша «жасыл» көліктер елдегі автонарықтағы жалпы сатылымның 52%-ын құрады.

Желтоқсан айындағы көрсеткіштер өндірістік сектордың алдағы жылы да тұрақты өсімін жалғастыратынын көрсетеді. Соның ішінде өндірістегі іскерлік белсенділік индексі 50,1 деңгейінде қалыптасса, кәсіпкерлік күтулер индексі 55,5 болды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсету секторы 5,4% өсім көрсетті. Ең жоғары даму қарқыны дәстүрлі түрде ақпараттық технологиялар саласында тіркеліп, 11,1%-ды құрады.

Бөлшек сауда көлемі 3,7%-ға өсіп, психологиялық тұрғыдан маңызды 50 триллион юань межесінен асты. Ал онлайн-сатылымдар 8,6% озық қарқынмен дамып, бүгінде ел бойынша бөлшек сауданың жалпы көлемінің 26,1%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Жыл қорытындысы бойынша Қытай әлемдегі ең ірі сауда державасы мәртебесін сақтап қалды. ҚХР-дың сыртқы сауда айналымы 3,8%-ға өсіп, 45 трлн 470 млрд юаньға жетті, деп хабарлады 14 қаңтарда ҚХР Бас кеден басқармасы. Атап айтқанда, 2024 жылмен салыстырғанда экспорт 6,1%-ға, импорт 0,5%-ға артты. Қытайдың сыртқы сауда сальдосы 8,5 трлн юань көлемінде оң көрсеткішпен қалыптасты.

Билік өкілдері Қытай экспорты құрылымында жоғары технологиялы өнімдер үлесінің қарқынды артқанын ерекше атап өтті. Соның ішінде, өткен жылы ҚХР жаңа энергия көздерін пайдаланатын автомобильдер экспортын екі есеге ұлғайтып, 2,6 млн данаға жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша қытайлық BYD компаниясы электромобильдердің жаһандық сатылымы бойынша америкалық Tesla-ны басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Өнеркәсіптік роботтар экспорты 48,7%-ға артып, оның көлемі алғаш рет импорттан асып түсті. Нәтижесінде ҚХР өнеркәсіптік робототехника саласында нетто-экспорттаушы елге айналды. Сондай-ақ жел энергетикасына арналған жабдықтар экспорты да 48,7%-ға өсті.

Жалпы алғанда, экономикалық ахуалдың тұрақтылығы 2025 жылы ҚХР халқының орташа есептелген қолда бар табысын 5%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Макроэкономикалық деректер Қытайдың 2026 жылы да экономикалық өсім қарқынын шамамен 5% деңгейінде ұстап тұра алатынын көрсетеді. Мұндай сенім тек ҚХР-дың өзінде ғана емес, халықаралық деңгейде де кең таралған. Осы орайда, жуырда Global Times зерттеу институты өткізген жаһандық әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 80%-дан астамы Қытайды қуатты технологиялық әрі экономикалық держава деп бағаласа, 90%-дан көбі ҚХР алдағы 10 жылда да экономикалық өсімді сақтайтынына сенім білдірген. Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 25%-ы Қытайды жиынтық ұлттық қуаты бойынша әлемде бірінші орынға қойса, 29%-ы — екінші, 19%-ы — үшінші орынға қойған.

CGTN

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -