Ақтөбе облысында бизнес өкілдеріне «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Кездесу барысында кәсіпкерлерге жобаларды іске асыру шарттары, салықтық және кедендік жеңілдіктер, мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвесторларды барлық кезеңде сүйемелдеу мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға «Ақтөбе» АЭА Басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Айтымбетов, облыс прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Жұмағали Рысалдинов, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов және «Даму» қоры филиалы директорының орынбасары Аягүл Рамазанова қатысты.
(1).jpeg)
Инвесторларды қорғау - мемлекеттік басымдық
Кездесуде сөз алған Жұмағали Рысалдинов бизнесті қорғау мен инвесторлар құқықтарын қамтамасыз ету мемлекет деңгейінде басым бағыт екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес Инвесторлар құқықтарын қорғау комитеті құрылып, инвестициялық омбудсмен функциялары Бас прокурорға жүктелген.
Жаңа жұмыс форматы нақты нәтижелер бере бастаған. 300-ден астам кәсіпкер қатысқан Ашық есік күндері мен кездесулер барысында бизнестегі жүйелі мәселелер анықталып, оларды жедел шешу үшін прокуратурада «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офис пен байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Бизнесті қорғау бойынша мобильді топтар тәулік бойы қызмет атқарады.
.jpeg)
Бүгінде 45 кейс шешіліп, 56 инвестордың құқығы қорғалған. Мемлекеттік органдар, әкімдік және Кәсіпкерлер палатасымен бизнес кездесулері ай сайын өткізіледі - облыс орталығында да, аудандарда да.
(1).jpeg)
Ақтөбе - сенім артқан инвесторлар өңірі
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталды.
(1).jpeg)
Оның айтуынша, Ақтөбе облысы өнеркәсібі мен логистикасы дамыған, шағын және орта бизнесі белсенді елдегі жетекші индустриялық өңірлердің бірі.
Бұл сөздерді нақты көрсеткіштер де дәлелдейді. 2025 жылы өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 32 пайызға көп. Қаражаттың негізгі бөлігі өндіру, өңдеу, энергетика және инфрақұрылым салаларына бағытталған.
Маңыздысы - инвестициялардың басым бөлігі бизнес тарапынан өз қаражаты есебінен салынған. Бұл өңір экономикасына деген сенімнің артқанын көрсетеді.
(1).jpeg)
«Ақтөбе» АЭА - шикізаттық емес сектордың тірегі
Дидар Боранқұловтың айтуынша, дәл осы жағдайда «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы өңір дамуының негізгі құралдарының біріне айналып отыр.
(1).jpeg)
АЭА инвесторларға преференциялар, дайын инфрақұрылым және жобаларды сүйемелдеудің толық циклін ұсынады. Кәсіпкерлер палатасы прокуратурамен бірлесіп, бизнес құқықтарын қорғау мен инвестициялық жобаларды қолдауды жалғастыруда.
Қандай мүмкіндіктер бар
Аймақтың нақты параметрлері туралы Мақсат Айтымбетов баяндады. «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы қала оңтүстігінде орналасқан, жалпы аумағы 858 гектар, оның 571 гектары өнеркәсіптік аймақ.
(1).jpeg)
АЭА 29 басым бағыт бойынша заманауи өндірістер мен логистиканы дамытуға арналған. Мұнда отандық және шетелдік инвесторларды тарту, өндірістік кластерлер қалыптастыру көзделген.
Қатысушыларға ұсынылатын негізгі артықшылықтар:
- салықтық және кедендік жеңілдіктер
- жер телімдерін тегін беру
- дайын инженерлік инфрақұрылым
- жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер
Жеңілдіктер 2049 жылға дейін қолданылады. Ал 1 млн АЕК-тен асатын жобалар үшін шетелдік жұмыс күшін квотадан тыс тартуға рұқсат етіледі.
АЭА дамуы машина жасау, химия, металлургия және құрылыс материалдары салаларында жаңа кәсіпорындар ашуға, импортты алмастыруға және экспортты ұлғайтуға бағытталған.
Қаржылық қолдау және жаңа бастамалар
«Даму» қоры филиалы директорының орынбасары Аягүл Рамазанова кәсіпкерлерге қаржылық қолдау құралдарын таныстырды. Олардың қатарында жеңілдетілген несиелер, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру тетіктері бар.
(1).jpeg)
Ал Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов инвестиция тарту өңірдің стратегиялық міндеті екенін атап өтті. Ол бизнесті қолдау құралдарын, соның ішінде «Даму» бағдарламаларын кеңінен түсіндіру үшін «Атамекен» алаңында қосымша іс-шара өткізуді ұсынды.
Ашық диалог нақты нәтижеге бастайды
Өткен кездесу кәсіпкерлер, даму институттары және мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогтың тиімді алаңына айналды. Мұндай формат өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға, жаңа өндірістер ашуға және іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу соңында кәсіпкерлер жеке консультациялар алып, өз жобалары бойынша нақты сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.