2026 жылғы 27 қаңтарда Астанада «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясындағы Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы өтті. Іс-шара «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жоба – елдегі тозған инженерлік желілерді жаңартып, коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі түрде қайта құруға бағытталған ең ірі бастамалардың бірі. Сондықтан отырыс барысында айтылған сандар мен жоспарлар қоғам назарын аудартпай қоймады.

Қоғамдық кеңес не үшін қажет
Қоғамдық кеңес Ұлттық жобаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету және оның тиімділігін арттыру мақсатында құрылған. Оның құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, салалық қауымдастықтар мен сараптамалық қоғамдастық өкілдері кіреді.
Мұндай формат жобаның тек мемлекеттік органдар деңгейінде емес, қоғамдық бақылаумен қатар жүруін көздейді.

Бір жылда қандай база қалыптасты
Ұлттық жобаның іске асырылу барысы туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Ұлттық жоба бекітілген сәттен бері бір жыл ішінде оны практикалық тұрғыда іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық, қаржылық және ұйымдастырушылық негіз толық қалыптастырылған.
Бұл – жобаның дайындықтан нақты іске көшу кезеңіне өткенін білдіреді.

2025 жыл: алғашқы пилоттық жобалар
2025 жылы Ұлттық жоба аясында төрт өңірде – Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы сомасы 31,6 млрд теңгеге 17 пилоттық жоба қаржыландырылды.
Қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу және екінші деңгейлі банктердің инвестицияларын тарту арқылы жүзеге асырылды. Бұл тетік мемлекеттік және жеке қаржы көздерін қатар пайдалануға мүмкіндік берді.
2026 жыл – белсенді кезеңнің басталуы
2026 жылға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажеттілік 1,1 трлн теңге көлемінде айқындалды. Оның ішінде 919 млрд теңге Ұлттық жоба ЭКСЖ-нің электрондық платформасында тіркеліп үлгерген.
Қаржыландыру көздері ретінде отандық қаржы институттары, «Бәйтерек» холдингі және халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, 2026 жылы қажеттілік көлемі 2025 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 468 млрд теңгені құрайды. Бұл инфрақұрылымдағы ең күрделі әрі қауіпті ақауларды жоюдың белсенді кезеңіне көшуді білдіреді.
Электрондық платформа қалай жұмыс істейді
Жобаларды үйлестіру және сүйемелдеу үшін Ұлттық жоба ЭКСЖ-нің электрондық платформасы құрылған. Қазіргі уақытта платформада 386 инвестициялық жоба қаралуда.
Жүйеде:
- барлық жергілікті атқарушы органдар,
- уәкілетті мемлекеттік органдар,
- табиғи монополия субъектілері,
- EPC-мердігерлер,
- отандық бизнес өкілдері тіркелген.
Бұл платформа жобаларды ашық әрі жедел қарауға мүмкіндік береді.

Отандық өндіріске қандай мүмкіндік беріледі
2029 жылға дейін отандық тауар өндірушілердің 2 786 тауар позициясы бойынша жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге сатып алулар жоспарланған. Бұл коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту арқылы қазақстандық өнеркәсіпті қолдауға және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған.
Алдағы жылдарға арналған ауқымды жоспар
2026–2029 жылдар аралығында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 6,5 трлн теңгені құрайды.
Бұл қаражат есебінен:
- шамамен 84 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу,
- 0,8 трлн теңгеге 8 миллионға жуық есептеу құралын орнату жоспарланып отыр.
Ең жоғары жөндеу жұмыстарының көлемі 2029 жылға жоспарланған – бұл жылы шығын 2 трлн теңгеден асады.

Алғашқы аяқталған жобалар бар
2025 жылы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның қатысуымен Павлодар, Теміртау және Тайынша қалаларында жылумен жабдықтау саласында үш жоба толық аяқталды.
2026 жылға қойылған міндеттер
Отырыста 2026 жылға арналған басым міндеттер де аталды. Олардың қатарында:
- электрондық платформаны одан әрі дамыту,
- жобаларды қарау мерзімдерін жеделдету,
- іске асыру тиімділігін арттыру бар.
Қоғамдық кеңес мүшелері атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі сипатын атап өтіп, Ұлттық жоба ЭКСЖ-ні іске асыру барысында қоғамдық бақылау мен ашықтықты сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.