Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде ауыл шаруашылығы жерлерінің мелиоративтік жағдайын жақсарту, жер асты суы деңгейін реттеу және егістік алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауданда салынып жатқан тік дренажды ұңғымалардың құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасына бақылау жүргізді. Жауапты сала мамандарымен және мердігер мекеме өкілдерімен бірге құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, қолданылып жатқан құрылыс материалдарының сапасын және белгіленген мерзімдердің сақталуын тексерді. Техникалық қауіпсіздік талаптарының орындалуына назар аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Зерделеу барысында кейбір ұңғымаларда құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі, техникалық талаптардың толық сақталмауы және ұйымдастыру мәселелеріндегі олқылықтар, шаруалардың егістік алқаптарға өтуіне кедергі келтіру секілді бірқатар кемшіліктер анықталып, мердігер мекеме өкілдеріне қатаң ескерту жасалды. Жауапты бөлім басшыларына мердігерлермен жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау тапсырылды. Дренаж жүйелерінің сапалы салынуы өңір үшін аса маңызды екені, бұл жобаның ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына тікелей әсер ететіні айтылды.

Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму банкі» қаржысы есебінен басталған 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.
Жоспар бойынша «КиікбайСтройСервис» ЖШС арқылы Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренаж қалпына келтіріліп, 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген болса, «Арт-Құрылыс» ЖШС арқылы Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 20 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы қайта қалпына келтіру көзделген.