Қазақстан халықаралық авиация аренасында мойындалды

858
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Салазардың шешімімен ИКАО-ның Ғаламдық елшілер бағдарламасы аясында елші болып тағайындалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл тағайындау ИКАО тарапынан Қазақстан Республикасына көрсетілген жоғары сенімді білдіреді әрі елдің халықаралық азаматтық авиация күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесінің мойындалуы болып табылады.

Қазақстан өкілі ИКАО-ның 56 мемлекетті біріктіретін Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросы (EUR/NAT) шеңберінде іріктелді. Қазақстанның таңдалуы елдің ИКАО-ның 2026–2050 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында айқындалған басымдықтарды іске асырудағы белсенді әрі тиімді рөлін көрсетеді.

ИКАО елшісі ретіндегі қызметінде Салтанат Томпиева азаматтық авиацияны дамытудың негізгі бағыттары бойынша, атап айтқанда авиация саласының орнықты өсуін қамтамасыз ету, білікті авиация мамандарын даярлау және тарту, сондай-ақ саладағы әйелдер мен жастардың қатысуын кеңейту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын арттыруға үлес қосатын болады.

Аталған қызмет ерікті негізде және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ИКАО-ның тәуелсіздік, бейтараптық және этика қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі бұл тағайындау Қазақстанның жаһандық азаматтық авиация жүйесіндегі белсенді рөлін, сондай-ақ орнықты даму, инклюзивтілік және адами капиталды дамыту саласындағы халықаралық бастамаларға берік ұстанымын растайтынын атап өтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -