Алматыда электр энергиясын, суды, газды және жылуды есептейтін заманауи құрылғылар енді тек шетелден әкелінбейді.
Бұл өнімдерді отандық кәсіпорындар да жоғары көлемде шығара бастады. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары осының айқын дәлелі болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үкімет басшысының орынбасары энергия ресурстарын есепке алу аспаптарын өндіретін жетекші қазақстандық кәсіпорындардың жұмысымен танысып, саланың бүгінгі әлеуеті мен болашақ жоспарларын көрді.

Өндіріс, цифрландыру және кадр дайындау – бір тізбекте
Жұмыс сапарына Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова және «ТКШ ҚазОрталық» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков қатысты. Делегация алдымен «Nero Group» ЖШС мен «SAIMAN корпорациясы» ЖШС-нің өндірістік алаңдарын аралады.
Бұл кәсіпорындар электр энергиясын, суды, газды және жылуды есепке алатын аспаптарды ғана емес, сонымен қатар энергия ресурстарын бақылауға арналған цифрлық жүйелерді де енгізіп келеді. Яғни, бүгінгі есептегіштер – жай ғана құрылғы емес, тұтас «ақылды» жүйенің бір бөлігі.

NERO: миллиондаған есептегіш және 95% жергілікті қамту
NERO компаниялар тобы «Алатау ИТП» арнайы экономикалық аймағының резиденті саналады. Кәсіпорын жылына:
- 1,2 млн электр энергиясын есепке алу аспабын,
- 1,5 млн су есептегішін,
- 1 млн газ есептегішін,
- 25 мыңға дейін жылу есептегішін шығаруға қауқарлы.
Мұнда 150 адам жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «NERO INDUSTRIES» ЖШС-нің өндіріс көлемі 20 млрд теңгеге жетіп, жергілікті қамту деңгейі 70%-ды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 95%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Компания алдағы уақытта кабель өнімдерін өндіруді іске қосуды және газ есептеу аспаптарының желісін кеңейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар Energo University (АЭБУ) бірлесіп, Smart Energy ғылыми-білім беру кластерін құру бастамасы ұсынылды. Бұл жоба инженерлік кадрларды даярлауға және энергетика саласындағы қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған.

SAIMAN: 30 жылдық тәжірибе және толық отандық өнім
Делегация барған екінші кәсіпорын – «SAIMAN корпорациясы» ЖШС. Бұл компания 30 жылдан астам уақыт бойы электротехникалық өнімдер мен энергия ресурстарын есепке алу аспаптарын шығарып келеді.
SAIMAN зауыты жылына:
- 800 мың электр есептегіш,
- 600 мың су есептегіш,
- 300 мың газ есептегіш,
- 8 мыңға дейін жылу есептегіш өндіреді.
Кәсіпорында 210 адам еңбек етеді. Барлық өнім отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген, қажетті сертификаттарға ие, ал ішкі қосылған құнның орташа үлесі 65%-ға жетеді.

«Ақылды» есеп – ашықтық пен үнемге жол
Қанат Бозымбаев сапар барысында энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобада отандық өндірушілердің рөлі ерекше екенін атап өтті. Қазір есепке алу аспаптарына қойылатын бірыңғай талаптар мен стандарттарды қалыптастыру, цифрлық және «ақылды» технологияларды кеңінен енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
Бұл өзгерістер не береді?
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйелер ресурстарды есепке алудағы ашықтықты арттырып, рәсуә мен қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал ең бастысы – тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарады.
Алматыдағы өндірістік алаңдарды аралау отандық өнеркәсіптің тек импортты алмастырып қана қоймай, заманауи технологияларға бет бұрғанын көрсетті. Бұл – ел энергетикасының жаңа кезеңге қадам басып жатқанын білдіреді.
