Ата-аналар қызмет барысында ұлдарының қалай өзгергенін көрді

1001
Фотосурет: Gov

Қазақстан Қарулы күштерінде өткен бірыңғай Ашық есік күні әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігін көпшілікке жақындатты. Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығымен ұйымдастырылған іс-шара аясында еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерге 4000-нан астам ата-ана мен туған-туыс жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл күн – сарбаздардың қызметін сырттай емес, көзбен көріп, жүрекпен сезінуге мүмкіндік берген ерекше кездесу болды.

Саптағы сенім мен жауапкершілік

Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұсынылды. Сап алаңдары мен оқу-жаттығу кешендерінде сарбаздар қарумен саптық тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.

Ата-аналар үшін бұл — ұлдарының қысқа уақыт ішінде қалай өзгергенін, тәртіп пен жауапкершілікті қалай меңгергенін өз көздерімен көру сәті болды.

Қауіпсіздік пен тәртіп – басты назарда

Әскери бөлім өкілдері тәрбие жұмысы, әскери тәртіпті сақтау және қауіпсіздік шаралары туралы жан-жақты түсіндірді. Қаруды қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезінде қандай талаптар сақталатыны егжей-тегжейлі айтылды.

Бұл ақпарат ата-аналардың алаңын сейілтіп, армиядағы қызметтің жүйелі әрі бақылауда екенін көрсетті.

Казарма, асхана, бір үстел басындағы әңгіме

Қонақтар казармаларды, жатын бөлмелерді, тұрмыстық аймақтарды аралады. Асханаларда сарбаздардың тамақтануы қалай ұйымдастырылғанын көріп, күнделікті ас мәзірінің тәртібі мен алуан түрлілігін бағалады.

Іс-шараның әсерлі сәттерінің бірі – бірлескен түскі ас болды. Қарапайым көрінгенімен, мағынасы терең бұл кездесу ата-аналарға ерекше әсер қалдырды. Кеше ғана жасөспірім болған ұлдарының сенімді, тәртіпті, бір-біріне тірек бола алатын азаматқа айналғанын көру – көпшіліктің жүрегін толқытты.

Балалар көзімен армия

Әскери бөлімдерге келген жас қонақтар да назардан тыс қалмады. Олар сарбаз ағаларына қызыға қарап, әскери өмірді бала қиялымен қабылдады.

Тараз қаласынан келген он жастағы Алена «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінде қызмет ететін ағасы Владимир Романовқа қонақта болды. Бұл сапар мектеп оқушысына ұмытылмас әсер қалдырып, ағасына деген мақтаныш сезімін оятты.

Ал Гвардейск гарнизонында танк бригадасының барлау батальонында қызмет ететін Айбар Калифановтың үш жасар інісі Әміре ағасының қолынан бір елі ажырамады. Әскери дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа осылай берілуі – осы сәттерден-ақ байқалды.

Өңірлерден келген ата-аналар

Елордадағы бригадаға Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Қостанай және Астана қалаларынан 170-тен астам ата-ана жиналды. Олар тирді, спорт залын, кітапхананы және жауынгерлер жаттығатын тактикалық алаңды аралап шықты.

Қатардағы жауынгер Диас Базкеновтің әкесі Асхат пен туған ағасы Сәбит Базкенов Қарағанды қаласынан арнайы келген. Жауынгерлік жарыстың жеңімпазы атанған Диас Базкеновтің суреті бөлімшенің құрмет тақтасына ілінген.

Сәбит Базкенов өзі кезінде Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтегенін айтып, қазіргі әскерге жоғары баға берді.

Мен өзім Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқардым. Ол кездің қиындығы аз болған жоқ. Бүгінгі жастардың әскери борышын абыроймен өтеп жүргенін көріп, көңілім марқайды. Диас сияқты тәртіпті, намысты ұлдар елдің қорғаны болары сөзсіз, – деді ол.

Сондай-ақ ол әскери бөлімдегі жағдайға ризашылығын білдірді.

Баламыздың қызмет ету жағдайын өз көзімізбен көрдік. Барлық қажетті жағдай жасалған, тәртіп пен талап бар. Әскери бөлім басшылығына алғысымды айтамын, – деп түйіндеді Сәбит Базкенов.

Теңізшілер мен десантшылардың ашық алаңы

Ақтау гарнизонында әскери бөлімдер 400-ден астам қонақты қабылдады. Әскери-теңіз күштерінің кемелер дивизионында ата-аналар теңіз қызметінің атмосферасын сезініп, матростардың тұрмысымен, кают-компаниялар мен камбуздың жұмысымен танысты.

Теңіз жаяу әскерлері бригадасында ата-аналардың қатысуымен спорттық жарыстар өтті. Бұл бастамаға сарбаз аналары комитетінің төрайымы Гүлмира Жанысбаева ұйытқы болды.

Ал десанттық-шабуылдау әскерлерінде қонақтарға парашют кию тәртібі көрсетіліп, әуе-десанттық дайындық элементтері арнайы кешенде таныстырылды.

Қашықта болса да, байланыс үзілмеді

Іс-шараға келе алмаған ата-аналар үшін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі ұйымдастырылды. Осылайша, әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары капитан Мадияр Мұхтаров қатардағы жауынгер Бегмат Мырзабектің анасы Дүйсегүл Ақжігітовамен бейнебайланысқа шықты.

Әңгіме барысында анасына ұлының жетістіктері баяндалды. Атап айтқанда, қазақша күрестен өткен жарыста Бегмат Мырзабек үшінші орын алған. Капитан Мадияр Мұхтаров баласын лайықты тәрбиелегені үшін анасына шынайы алғысын білдірді.

Армияға деген сенімді арттырған күн

Бірыңғай Ашық есік күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен қызмет атқарып, жан-жақты қолдауға ие екенін көруге мүмкіндік берді. Бұл бастама армия туралы қалыптасқан стереотиптерді сейілтіп, Қарулы күштерде сарбазға деген қамқорлықтың басты басымдық екенін тағы бір мәрте көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -