Қарағанды облысындағы Урбанистика орталығы өткен жылдың қорытындысын шығарып, 2026 жылға арналған қалалық кеңістіктерді дамыту бағыттарын ұсынды. 2025 жылы орталық мамандары Қарағанды, Балқаш және Теміртау қалаларында бірқатар жобаны іске асырып, қоғамдық кеңістіктерді жаңартуға, абаттандыруға және қалалардың визуалды келбетін күшейтуге басымдық берген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарағанды: аллеялар, гүлзарлар және муралдар
Қарағанды қаласында өткен жылы Пришахтинск шағын ауданындағы гүлзар мен Оңтүстік-Шығыста орналасқан «Алаш» аллеясы абаттандырылды. Бұл аумақтарда жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру, демалысқа арналған кеңістіктерді жаңарту басты мақсат болды.

Сонымен қатар қалада екі жаңа мурал салынды. Бұл жобалар қалалық ортаға көркемдік реңк беріп қана қоймай, аудандардың танымалдылығын арттыруға ықпал етті.
Балқаш: жаяу аймақтар мен қасбеттерді жаңарту
Балқаш қаласында Урбанистика орталығы бірнеше көшедегі жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыруға атсалысты. Бұдан бөлек, 93 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылып, қала келбетіне біртұтас әрі жинақы стиль берілді.

Қалаға кіреберісте орналасқан «МиГ-21» ұшағы бар аумақты абаттандыру жобасы да әзірленді. Сонымен бірге «Іле» және «Қаратал» атты тақырыптық екі мурал салынды.
Биыл Балқашта аурухана қалашығы аумағын абаттандыру, сондай-ақ Balkash Tour Fest фестивалі өтетін алаңды көріктендіру жобалары дайындалған.
Туризмге арналған дизайн-код
Өткен жылы Қарқаралы мен Балқаштағы туристік аймақтарға арналған арнайы дизайн-код әзірленді. Бұл құжат демалыс орындарындағы көлеңкелік құрылымдардың, санитарлық тораптардың және сауда павильондарының сыртқы келбетін біріздендіруге бағытталған.

Қарқаралы қаласында көгалдандыру мен шағын сәулеттік формаларды қамтитын Тоқтар Әубәкіров атындағы гүлзардың жобасы да дайындалды. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімінің аумағын абаттандыру жобасы әзірленген.
Теміртау: көркем кеңістікке екпін
Теміртауда 2025 жылы қалалық көркем кеңістікті дамыту аясында бір мурал салынды. Бұл жоба өндірістік қаланың визуалды бейнесін жандандыруға бағытталған.
Тұрғындардың пікірі
Урбанистика орталығының директоры Валерия Хасуеваның айтуынша, тұрғындар жүргізілген өзгерістерді оң қабылдаған.

«Балқашта адамдар жиі келіп, атқарылған жұмыс үшін алғыстарын айтты. Қарағандыдағы “Алаш” аллеясына қатысты да көптеген жылы пікір естідік. Абаттандырудан кейін жаяу жүргіншілер ағынының артқанын байқадық — бұл STRAVA қосымшасының деректерінен де көрініс табады. Әр жоба өзінше күрделі әрі қызықты болды», – деді ол.
2026 жылға жоспар
Алдағы жылы орталық мектеп маңындағы аумақтарды абаттандыруға және жайлы жаяу жүргіншілер бағыттарын дамытуға басымдық бермек. Бұл жұмыстар Теміртау, Саран қалаларында, Нұра ауданында және Қарқаралыда жүзеге асырылады.