Қазақстанда әр бала туған сәтінен бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысынан өз үлесін алып келеді. Бұл ақша бірден берілмейді, бірақ жыл сайын өсіп, 18 жасқа толғанда нақты қаржылық капиталға айналады. Бүгінде кейбір балалардың жинағы 370 доллардан асты. Бағдарлама қалай жұмыс істейді, кім қанша алды және бұл қаражат не үшін қажет – толық түсіндіреміз, деп хабарлайды DKNews.kz.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бұрын-соңды болмаған әлеуметтік жоба іске қосылды. Мемлекет алғаш рет Ұлттық қордың инвестициялық табысын тікелей балаларға бөлу туралы шешім қабылдады. Атауы да соған сай - «Ұлттық қор – балаларға».
Бұл бір реттік төлем немесе жәрдемақы емес. Бұл - баланың болашағына арналған ұзақмерзімді жинақ.
Балаларға ақша қалай және қайдан беріледі
Бағдарламаның логикасы қарапайым. Жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы Қазақстан азаматтары саналатын барлық балалар арасында теңдей бөлінеді. Жас мөлшері, ата-анасының табысы немесе тұратын өңірі маңызды емес. Барлық бала бірдей үлес алады.
Бұл қаражат кәмелетке толмаған балалардың БЖЗҚ-дағы шоттарына нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Яғни, ақша баланың атына тіркеледі, бірақ 18 жасқа дейін қолжетімсіз.
Маңыздысы - бұл қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында қала береді және әрі қарай инвестицияланады. Соның арқасында жыл сайын балаға тек жаңа сома ғана емес, бұрын жиналған қаражатқа қосымша инвестициялық кіріс те есептеледі.
2025 жылы балалар қанша алды
2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушы 6 918 656 қазақстандық балаға кезекті төлем жасалды. Әр балаға есептелген сома - 130,71 АҚШ доллары.
Бұл - бір жылдағы базалық үлес. Бірақ шын мәнінде балалардың жинағы бұдан да көп.
Бағдарламаға қатысып келе жатқанына қарай, балалардың жинағы мынадай деңгейге жетті:
- үшінші жыл қатарынан қатысып келе жатқан баланың жинағы - 370 доллар 56 цент;
- екінші жыл қатысқан баланың жинағы - 263 доллар 93 цент;
- алғаш рет қатысқан баланың жинағы - 130 доллар 71 цент.
|
Инвестициялық кірісті ескере отырып нысаналы талаптардың бір қатысушыға жинақталған сомасы |
||||||
|
|
(АҚШ долларымен) |
|||||
|
Баланың нысаналы талаптарға қатыса бастаған жылы |
Нысаналы талаптарды (НТ) және нысаналы талаптарға инвестициялық кіріс (НТ-ға ИК) есептелген жыл |
Бір қатысушыға шаққандағы жинақталған сома |
||||
|
2024 |
2025 |
2026 |
||||
|
НТ |
НТ-ға ИК |
НТ |
НТ-ға ИК |
НТ |
||
|
2023 |
100,52 |
3,04 |
129,38 |
6,91 |
130,71 |
370,56 |
|
2024 |
х |
х |
129,38 |
3,84 |
130,71 |
263,93 |
|
2025 |
х |
х |
х |
х |
130,71 |
130,71 |
Яғни, уақыт өткен сайын сома тек көбейе береді. Бұған жаңа жыл сайынғы төлем ғана емес, инвестициялық кіріс те әсер етеді.
Инвестициялық кіріс қалай есептеледі
Бағдарламаға үшінші жыл қатысып келе жатқан балаларға алдыңғы екі жыл үшін қосымша 9,95 доллар инвестициялық кіріс есептелді. Ал екінші жыл қатысып отырған балалар өткен жыл үшін 3,84 доллар қосымша табыс алды.
Бұл сандар бір бала үшін аса үлкен болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ ел көлемінде бұл - жүздеген миллион доллар. Бағдарлама басталғалы бері Ұлттық қордан балаларға есептелген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.
18 жасқа толғанда не болады
2026 жылы Қазақстанда 356 613 азамат 18 жасқа толады. Дәл осы жастар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының алғашқы нақты бенефициарлары болады.
Кәмелетке толған жылы баланың нысаналы талаптары автоматты түрде нысаналы жинақтарға айналады және БЖЗҚ-дағы жеке жинақтау шотына АҚШ долларымен есептеледі.
18 жасқа толған сәттен бастап жас азамат бұл қаражатты өз бетінше пайдалана алады. Қаражатты:
- тұрғын үй жағдайын жақсартуға;
- білім алу ақысын төлеуге;
- немесе болашаққа зейнетақы жинағы ретінде сақтауға болады.
Ақшаны кез келген мақсатқа жұмсауға рұқсат етілмейді. Бұл талап қаражаттың шынымен де өмірлік маңызды шешімдерге жұмсалуын қамтамасыз ету үшін енгізілген.
Егер бала бұрын тізімге кірмей қалса
Бағдарламада әділеттілік қағидасы қатаң сақталады. Егер бала бұрын деректердің толық болмауына немесе өзектілігін жоғалтуына байланысты тізімге енбей қалған болса, кейін деректер жаңартылған кезде оған өткізіп алған барлық жылдар үшін қаражат толық көлемде есептеледі. Инвестициялық кірісті қоса алғанда.
Балаларды есепке алу кезінде азаматтықты кейін алған балалар, азаматтығын жоғалтқандар, сондай-ақ өзге де заңды өзгерістер ескеріледі.
Ақпаратты қайдан тексеруге болады
18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты ата-аналар мен заңды өкілдер баланың ЖСН арқылы тексере алады.
Ал кәмелетке толған қатысушылар өз мәліметтерін БЖЗҚ-ның жеке кабинеті мен мобильді қосымшалар арқылы қарай алады.
Жинақты пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, жас азамат уәкілетті банкке жүгініп, АҚШ долларымен шот ашып, онлайн өтініш береді.
Болашаққа салынған инвестиция
«Ұлттық қор – балаларға» - бұл бүгінгі емес, ертеңгі күнге арналған бағдарлама. Ол бірден байытып жібермейді, бірақ жастарға бұрын болмаған мүмкіндік береді - өмірді қаржылық тірексіз емес, белгілі бір капиталмен бастау.
Кейбірі үшін бұл алғашқы баспанаға қосымша қаражат болады. Кейбірі үшін - білімге салынған инвестиция. Ал енді бірі үшін - алғашқы саналы жинақ.
Сол себепті бұл бағдарламаны жай әлеуметтік төлем емес, тұтас бір ұрпаққа арналған стратегиялық шешім деуге болады.