Дәрі-дәрмекке қосылған құн салығы төңірегінде неге пікірталас туындады

968
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: UKIMET

Үкіметте Салық кодексін енгізу аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қатысты жаңа салық нормаларын қолдану мәселелері талқыланды. Жобалық кеңсенің үшінші отырысы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қандай мәселе көтерілді

Отырыста дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қатысты салық нормаларын құқықтық қолдануда туындаған түйткілдер қаралды. «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің айтуынша, қазіргі кезде салалық мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілерінде құқықтық белгісіздік байқалады.

Атап айтқанда, мәселелер:

  • ТМККК және МӘМС тізбелеріне кіретін дәрілік заттардың импорты
  • орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған дәрілердің айналымы
  • дәріхана желілеріндегі бөлшек сауда
  • ҚҚС есептелетін немесе есептелмейтін жағдайда дәрі-дәрмектің шекті бағасын қалыптастыру

Кедендік рәсімдеуге қатысты түсіндірме

Тимур Жәркенов импорттық дәрілік заттарды кедендік рәсімдеу кезінде барлық дәрілер бойынша нысаналы мақсатты растау талап етіліп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл қолданыстағы ережелерді кеңінен түсіндіру болып саналады және импортталатын дәрілердің барлық санатына бірдей қолданылмауы тиіс.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов бұл мәселеге қатысты нақты талаптарды түсіндірді. Оның айтуынша, дәрілік заттарды импорттаудың міндетті шарттары мыналар:

  • фармацевтикалық немесе медициналық қызметке лицензияның болуы
  • мемлекеттік тапсырыс бойынша жеткізілетін дәрілер үшін ТМККК немесе МӘМС шеңберіндегі жеткізу шарты
  • тауарды мақсатты пайдалану туралы жеткізушінің міндеттемесі

Сонымен қатар тіркелген дәрілік заттарды импорттау үшін Қазақстан аумағында мемлекеттік тіркеу қажет. Ал тіркелмеген дәрілерге Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсат құжаты талап етіледі. Нысаналы мақсатты растау тек Қазақстан аумағында өндіріс үшін пайдаланылатын дәрілік субстанциялар мен балк-өнімдерді импорттау кезінде ғана қажет.

ҚҚС бойынша даулы тұстар

Отырыста орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды ҚҚС-тан босату мәселесі де талқыланды. Қазіргі таңда бірқатар дәріханалар мұндай дәрілерді жеткізушілерден сатып алудан бас тартып отыр.

Себебі қолданыстағы ереже бойынша бұл дәрілер импорттауда ғана емес, көтерме және бөлшек саудада да ҚҚС-тан босатылуы тиіс болғанымен, жеткізушілер 5 және 16 пайыздық мөлшерлемелерді қолдануды жалғастырып келеді. Бұл жағдай әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің бөлшек саудада қолжетімді болуына кері әсер етуде.

Қандай шешімдер қабылданды

Талқылау қорытындысы бойынша мәселе Жобалық кеңсе отырысында шешілді. Қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізіліп, дәрілік заттар импортына қатысты нақты ұстаным таяу уақытта кеден органдарының аумақтық бөлімшелеріне жеткізілетін болды.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті МКК-мен бірлесіп:

  • ҚҚС қолдануға қатысты бірыңғай ұстаным әзірлеуі
  • оны қысқа мерзімде фармацевтикалық қоғамдастыққа жеткізуі

ҚҚС есептелген немесе есептелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағаларды бекіту мәселесі де жеке қаралды. Бұл ретте салық төлеушінің ҚҚС-ты шекті бағадан тыс есептеуге құқылы екені түсіндірілді, өйткені шекті баға нақты сату құны емес, жол берілетін жоғарғы шек болып саналады.

Бизнеске түсіндіру жұмыстары жалғасады

МКК денсаулық сақтау саласына қатысты ҚҚС нормаларын қолдану барысында туындаған бірқатар мәселені көтерді. Олардың барлығы Жобалық кеңсе отырысында қаралды және жақын арада бизнесті ақпараттандыру үшін МКК ресурстарында жарияланатын болады.

Өткен аптада салық органдарына, Ұлттық экономика министрлігіне және «Атамекен» ҰКП-ға 16,1 мың өтініш келіп түскен. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 3,4 мыңға аз. Шамамен 16 мың өтініш МКК-нің коммуникациялық арналары арқылы түсіп, негізінен салықтық әкімшілендіру мәселелеріне қатысты болған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -