Елордада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде көктемгі шақырылым аясында 170-ке жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Маңызды рәсімге жауынгерлердің ата-аналары, жақындары мен ардагерлер келіп, жас буынға қолдау білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ант қабылдау — әр сарбаздың әскери өміріндегі алғашқы әрі ең жауапты кезеңдердің бірі. Бұл сәттен бастап олар Отан алдындағы борышын ресми түрде атқаруға кіріседі.
Командирдің үндеуі
Салтанатты жиында әскери бөлім командирі, полковник Ерлан Буранбаев сөз сөйлеп, жас жауынгерлерге артылар сенім мен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Әскери қызмет — әр азамат үшін абырой. Сондықтан осы бір жылды бос өткізбеулеріңіз керек. Әр күнді өздеріңізді тәрбиелеуге, шыңдауға арнаңыздар. Бір-біріңізге сүйеніш болыңыздар. Өйткені саптағы бірлік — жеңістің кілті. Отан сенімін ақтаңыздар! Туымызды биік ұстаңыздар! Қазақстанның тыныштығы мен айбыны үшін қызмет етіңіздер! — деді ол.
Тәжірибе мен сабақ
Іс-шара барысында аға буын сарбаздар өз қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілім жасады. Бұл жас жауынгерлер үшін әсерлі көрініс қана емес, алдағы әскери өмірге алғашқы практикалық сабақтардың бірі болды.
Ардагерлер мен ата-аналар да сөз алып, сарбаздарға сәтті қызмет, амандық пен табандылық тіледі. Олар әскери қызметтің тек тәртіп пен талап емес, мінезді шыңдайтын үлкен өмір мектебі екенін атап өтті.

Алдағы қызмет
Енді жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы Астана қаласында Отан алдындағы борышын өтеп, белгіленген қызметтік міндеттерін орындайды.

Айта кетейік, биыл 6636 әскери бөліміне Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан 170-ке жуық азамат шақырылған.