Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасы елдегі саяси күштер арасында кеңінен талқыланып жатыр. Осы бағытта Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Орталық аппаратында партияның Саяси кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жиын қорытындысы бойынша ЖСДП конституциялық реформаның негізгі қағидаларын қолдайтынын мәлімдеп, ресми ұстанымын жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Талқылау барысында партия өкілдері бір мәселені ерекше атап өтті: Конституция – бұл тек заңгерлерге арналған құжат емес, ол мемлекеттің болашағын және адамға деген көзқарасын айқындайтын басты негіз.

«Бұл ережелер туралы емес, құндылықтар туралы»
Отырысты ашқан ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Конституция жобасын талқылау таза құқықтық шеңбермен шектелмейтінін атап өтті.
«Конституцияға жай ғана ережелер жиынтығы емес. Бұл мемлекетті алдағы уақытта қандай ел ретінде көретінімізді нақтылау. Ол жерде адамның орны қандай дәрежеде болатыны және қоғам қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны туралы жан-жақты сараланды», – деді партия төрағасы.
Оның айтуынша, конституциялық реформа – мемлекеттің де, қоғамның да кемелдену деңгейін көрсететін маңызды кезең.
«Мемлекеттің кемел болуы үшін қазіргі қалыптасқан үлгілерді қайта қарап, жаңа сын-қатерлерге жауап беруінде. Ал қоғамның кемелдігі – талқылауға белсенді қатысып, қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік алуға дайын болуында», – деді Асхат Рахымжанов.
Ашық талқылау және адамға бағытталған реформа
Жиында Конституцияның жаңа жобасы бастапқыдан-ақ ашық форматта дайындалғаны атап өтілді. Оған сарапшылар, саяси партиялар, өңірлер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысқан.
Саяси кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова ұсынылып отырған өзгерістердің адамға бағытталған сипатына ерекше тоқталды.
«Біз Конституция туралы айтпас бұрын ең алдымен басты сұраққа жауап беруіміз керек. Жаңа жоба нақты адамға не береді? Кез келген конституциялық реформа дәл осы өлшеммен бағалануы тиіс», – деді ол.
Оның айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға бағытталған. Бұл тек процессуалдық құқықтармен шектелмей, жеке өмірді қорғау мен цифрлық ортадағы құқықтарды да қамтиды.
Ұзақмерзімді даму және адами капитал
Өңірлік филиалдар да өз ұстанымдарын білдірді. ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды деп есептейді.
«Жаңа Ата заң жобасында алғаш рет ғылым, білім, мәдениет және адами капиталды дамыту басымдықтары конституциялық деңгейде нақты бекітілді. Бұл – ұлттың ақыл-ойына және болашағына инвестиция салу», – деді ол.
Бұл тәсіл мемлекеттің дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен емес, адам әлеуетімен өлшеуге көшу екенін білдіреді.
Өңірлер дауысы және саяси жауапкершілік
ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрайымы Нурайнаш Камалова конституциялық реформаның өңірлердің белсенді қатысуымен жүргізілуін маңызды жетістік деп бағалады.
«Конституция қоғаммен бірге дамуы керек. Өңірлерден түскен ұсыныстар жүйеленіп, Конституциялық комиссияға жолданып отыр», – деді ол.
Оның айтуынша, бір палаталы парламентке көшу және сайлаудың партиялық жүйесі саяси жауапкершілікті күшейтеді.
«Партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын Құрылтай моделі саяси бәсекені арттырып, өкілетті органды азаматтар алдында жауапты етеді», – деді Камалова.
Конституция – өңірлердегі нақты өмір туралы
ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы Нұрым Нұрлыбеков Конституцияның практикалық іске асуы өңірлер үшін шешуші маңызға ие екенін айтты.
«Конституцияны талқылау – бұл тек институттар туралы емес, нақты өңірлер мен аудандардағы адамдар үшін мемлекеттің қандай болатыны туралы әңгіме», – деді ол.
Оның айтуынша, әлеуметтік және еңбек мәселелері ең алдымен жергілікті деңгейде сезіледі. Сондықтан Конституцияда әлеуметтік бағыт пен адам құқықтарының басымдығы нақты бекітілуі әділетті саясаттың негізі бола алады.
Партия ұсыныстары жобада көрініс тапты
Саяси талқылаудың қорытындысын ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов жасады. Ол партия Конституция жобасына жан-жақты талдау жүргізгенін атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы практикалық тұрғыдан ЖСДП-ның бірқатар маңызды ұсыныстарын қамтиды. Олардың қатарында бір палаталы парламентке көшу, парламенттің бюджеттік өкілеттіктерін кеңейту, сайлау жүйесіндегі артық кедергілерді азайту, саяси әртүрлілік пен бейбіт жиындар құқығы бар», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл партияның бағдарламалық ұстанымдарының жүйелі түрде жүзеге асқанын көрсетеді.

Соңғы сөз – халықтікі
Отырыс қорытындысында ЖСДП Саяси кеңесі жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаларын қолдайтынын білдіріп, қоғамдық және сараптамалық талқылауға алдағы уақытта да белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Партия өкілдері соңғы шешімді Қазақстан халқы қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Ол шешім ашықтық, әділдік және сенім жағдайында өтетін жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы қажет.
ЖСДП пікірінше, Конституция тағдыры – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.


