Алматыда №95 мектеп-лицейінің ұжымы мен оқушылары үшін ерекше әрі қуанышты сәт болды. Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Аралбаев пен Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин білім ордасына арнайы барып, химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованы құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұстаз Global Teacher Prize 2025–2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі үздік 50 мұғалімнің қатарына енді. Құттықтау іс-шарасы педагогтың 40 жылдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан мектебінде өтті.
Ұстаз еңбегіне берілген баға
Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері бұл жетістіктің маңызын ерекше атап өтті.
Алматылық педагогтың әлемдегі үздік 50 мұғалімнің қатарына енуі — отандық білім беру жүйесінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Татьяна Геннадьевнаның кәсіби жолы мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі болып, әріптестері мен шәкірттеріне шабыт береді, — деді олар.
Қырық жылдық үздіксіз еңбек
Татьяна Белоусова №95 мектеп-лицейіндегі еңбек жолын 1984 жылы бастаған. Содан бері осы білім беру мекемесінде үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол бірнеше буын түлекті тәрбиелеп шығарды.

Ұстаз заманауи білім беру әдістемелерін белсенді қолданады, онлайн платформалар мен түрлі білім беру жобалары арқылы өз тәжірибесін кең аудиториямен бөлісіп жүр.
Кәсіби жетістіктері
Педагогтың:
- жоғары білімі бар
- педагогика ғылымдарының магистрі
- «педагог-шебер» біліктілігіне ие
- ағылшын тілін еркін меңгерген
Оның еңбегі бірнеше рет мемлекеттік және салалық марапаттармен бағаланған. 2024 жылы ол National Teacher Prize Kazakhstan байқауында жеңіске жетіп, «Қазақстан мұғалімі – 2024» атағын иеленді.

Елдік деңгейдегі оқиға
Татьяна Белоусованың Global Teacher Prize байқауының ТОП-50 тізіміне енуі №95 мектеп-лицейі үшін ғана емес, жалпы Қазақстанның білім беру жүйесі үшін маңызды жетістік ретінде бағаланып отыр.

Байқау финалистерін марапаттау рәсімі 2026 жылғы 1–5 ақпан аралығында Дубай қаласында өтетін әлемдік білім беру форумы аясында ұйымдастырылады.