Тиімділік және тұрақтылық: Қазақстан банктерінің пайдасы 2,5 триллион теңгеден асты

693
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Қазақстанның банк секторы соңғы жылдары 2010-жылдардағы турбулентті кезеңнен кейін тұрақты түрде дамып келеді.

Халықаралық рейтингтік агенттіктердің деректеріне сүйенсек, бүгінде сектор макроэкономикалық тәуекелдерге жоғары төзімділігімен, резервтік қамтылу деңгейімен және сапалы кредиттік портфелімен ерекшеленеді.

Сектордағы оң динамика, ең алдымен, оның негізгі қатысушылары — екінші деңгейдегі банктердің тиімді қызметінің нәтижесі. Банктердің пайдасы мен өзгеріс динамикасы банк секторының тиімділігі мен тұрақтылығын сипаттайды.

Өткен жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша ҚР ЕДБ-ның жалпы таза пайдасы 2,5 трлн теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2024 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда, 7,2%-ға көп. Абсолюттік мәнде алғанда, пайданың өсімі 167,9 млрд теңгені құрады.

Алайда жекелеген банктердің көрсеткіштерінде айырмашылықтар байқалады. Еліміздегі 23 ЕДБ-ның 14-інің таза пайдасы өсті, 7 банктің пайда көлемі қысқарды, ал қалған 2 ЕДБ нарықтың жаңа қатысушылары болғандықтан, олар бойынша динамика қалыптаспаған.

Еліміздегі барлық банктердің арасында (исламдық ЕДБ-ны қоспағанда) таза пайда бойынша ең жоғары жылдық өсімді Bereke Bank көрсетіп отыр: пайда көлемі 2,2 еседен астам артып, 48,9 млрд теңгеге дейін жетті. Банк мұндай нәтижеге бизнес бағыттарын тиімді әртараптандыру және өнім желісін белсенді дамыту арқылы қол жеткізді: қаржы институты жеке тұлғалармен де, корпоративтік сектормен де жұмыс істейді. Bereke Bank цифрлық, кредиттік және депозиттік өнімдерді (нарықтағы ең жоғары мөлшерлемелердің бірін ұсынады), сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке арналған кешенді банктік шешімдерді дамытуда.

Таза пайданың өсу қарқыны бойынша екінші орынға KZI Bank орналасты: пайда көлемі 47,3%-ға ұлғайып, 18,3 млрд теңгеге дейін жетті.

Үздік үштікті Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкі (ICBC Almaty) түйіндеді: пайда көлемі 46,7%-ға артты.

Пайда көлемінің өсімі бойынша алғашқы бестікке Банк ЦентрКредит (плюс 28,3%) және Home Credit Bank (плюс 26,3%) енді.

Банктердің таза пайдасының динамикасы жекелеген қаржы институттарының тиімділігін ғана емес, бүкіл сектордың тұрақтылығын көрсетеді. Нарықтың ірі қатысушыларының үздік қаржылық нәтижелері салымшылар мен инвесторлардың сенімін арттырып, банктердің ішкі және халықаралық нарықтардағы позицияларын нығайтады әрі ел экономикасының жалпы тұрақтылығына ықпал етеді.

Some Image

Қазақстандағы ЕДБ-ның таза пайдасы бойынша ұзақмерзімді динамикаға тоқталсақ, 2021 жылдан бастап тұрақты әрі үздіксіз өсім байқалып отыр, оған дейін көрсеткіштер әркелкі болған. Соңғы жылдардағы осы оң өзгерістердің нәтижесінде өткен жылдың соңында S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі Қазақстанның банк секторындағы салалық тәуекелдердің даму үрдісіне қатысты болжамын «Тұрақты» деңгейден «Оң» деңгейге өзгертті.

Жалпы, еліміздегі банктердің табыстылығының маңызын дұрыс түсіну қажет: бұл тек қаржылық есептіліктегі көрсеткіш қана емес, сонымен қатар тиімділік пен сенімділіктің басты индикаторы.

Табысты қаржы институты капитал қалыптастыруға, тәуекелдерді жабуға, дамуға инвестиция салуға, жаңа технологияларды енгізуге және, ең бастысы, экономиканы дамытуға тұрақты түрде кредит беруге қабілетті. Банктік жүйе табыс тауып, жұмысын тиімді атқарып тұрса, өзінің негізгі функциясын орындай алады: қаржы ресурстарын бизнес пен халықтың пайдасына бөліп, экономикалық өсімге ықпал етеді.

Ал ЕДБ-ның табыстылығы төмен немесе тұрақсыз болған жағдайда, кредит көлемі қысқарып, тәуекелдер артады және сектордың сыртқы күйзелістерге осалдығы күшейеді. Мұндай жағдайда банктердің орнықтылығы әлсіреп, ал экономика дағдарыстарға сезімтал бола түседі.

Сондай-ақ банк секторының жай-күйі елдің халықаралық беделіне де тікелей әсер етеді. Шетелдік инвесторлар, рейтингтік агенттіктер мен қаржы институттары үшін банктердің табыстылығы мен тұрақтылығы — қаржы жүйесінің сенімділігі мен экономикалық басқару сапасын сипаттайтын маңызды белгі. Мықты банк секторы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, оның жаһандық нарықтағы позициясын нығайтады.

Сондықтан, ЕДБ-ның табысы тек қаржылық көрсеткіш қана емес, ол елдің экономикалық тұрғыдан саулығы мен сенімін айқындайтын стратегиялық өлшем болып есептеледі.

Some Image​​​​​​​

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -