Жаңа Конституция: ел өмірінің іргелі қағидаттары қалай өзгереді

1056
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: DKNews.kz/AI-generated

Қазақстанда Жаңа Конституция жобасы бойынша қоғамдық талқылау жалғасып жатыр. Құжат мәтіндері интернетте ашық қолжетімді, арнайы комиссия жұмыс істеуде, сарапшылар мен азаматтардың ұсыныстары қабылдануда.

Саясаттанушылар мұндай тәсілді «саналы демократиялық қадам» деп бағалап отыр: мемлекеттің басты құжаты түпкілікті шешім қабылданғанға дейін көпшілік талқысына ұсынылуда.

Gov

Талқылау барысында негізгі назар Ата заңның іргелі бөлімдеріне - преамбула мен «Конституциялық құрылымның негіздері» бөліміне аударылған. Дәл осы тарауларда алдағы онжылдықтарда ел дамуының құндылықтық негіздері айқындалады.

«Жаңа Конституция азаматтардың, қоғамдық институттардың, саяси партиялар мен заңгерлердің ұсыныстары негізінде әзірленді, ал мазмұндық талқылаулар комиссия отырыстарында ашық әрі транспарентті түрде өтті. Жаңа Конституция еліміздің ұзақ мерзімді өркендеуінің негізін қалайды», - деп атап өтті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2 ақпанда Сенат Бюросының отырысында.

пресс-служба Сената РК

Преамбула: қалыптасу кезеңінен - кемел мемлекетке

Ата заңның жаңартылған преамбуласы едәуір кеңейтіліп, мазмұндық тұрғыдан тереңдетілген. Онда ұлттық құндылықтар мемлекеттіліктің мызғымас негізі ретінде нақты айқындалып, Қазақстанның Ұлы дала мемлекеттерімен тарихи сабақтастығы мен қазақ жеріндегі өркениеттің терең тамырлары атап көрсетілген.

Преамбулада унитарлық, шекаралардың мызғымастығы және аумақтық тұтастық қағидаттары елдің егемендігін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтудың стратегиялық бағдарлары ретінде жеке блокпен белгіленген.

Алғаш рет осы құжатта «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» сияқты құндылықтық тұжырымдар, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы нақты бекітіліп отыр. Құжатта этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық тұрақтылықтың негізі ретінде айқын көрсетілген.

Болашаққа бағытталған басымдықтар қатарында мәдениет пен білім, ғылым мен инновациялар, адами капиталды дамыту және табиғатқа ұқыпты қарау аталады. Экологиялық жауапкершілік жалпыұлттық құндылық деңгейінде бекітіледі.

Бейбітсүйгіш сыртқы саясат бағытын және барлық мемлекеттермен ынтымақтастыққа ұмтылысты сақтай отырып, жаңа преамбула мәні жағынан жаңартылған қоғамдық келісімді қалыптастырады. Оның өзегінде халық бірлігі, мемлекеттілікті нығайту, әділеттілік пен заңдылық, азаматтардың құқықтарын қорғау, жаңғыру және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жатыр.

Gov

«Алдыңғы преамбула, ашығын айтсақ, енді ғана қалыптасып келе жатқан мемлекет пен қауымдастықтың шындығын бейнелейтін. Қазіргісі - кемел мемлекет жасаған жауапты әрі мықты таңдау. Бұл - алға қарайтын, болашаққа ұмтылған жетілген әрі жауапты қоғамның таңдауы», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституциялық комиссияның бесінші отырысында.

Конституциялық құрылымның негіздері: теориялық қайшылықтарсыз

Бұрын «Жалпы ережелер» деп аталған бөлім «Конституциялық құрылымның негіздері» деп қайта аталды. Бұл атау оның мемлекеттік билік жүйесінің іргетасы ретіндегі рөлін нақтырақ көрсетеді.

Бөлімде басқару нысаны айқындалып, Қазақстан президенттік республика ретінде тікелей белгіленеді. Мемлекет және құқық теориясында парламенттік, президенттік және аралас модельдер ажыратылатынын ескерсек, мұндай формулировка ұзақ уақыт бойы қажетті деп саналып келген.

Ұсынылып отырған редакция «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сәйкес келеді.

© Турар Казангапов/Tengrinews

Маңызды өзгерістердің бірі - әкімшілік-аумақтық құрылымды реттеу мәртебесінің жоғарылауы. Бұл мәселе енді жай заңмен емес, конституциялық заңмен бекітілуі ұсынылады. Мұндай қадам инвестиция тартуға және аумақтарды дамытуға арналған арнайы құқықтық режимдерді енгізумен қатар, мемлекеттің унитарлық сипатының өзгермейтіндігіне берілетін кепілдіктерді күшейтеді.

Сонымен қатар осы бөлімде алғаш рет Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысанының өзгермейтіндігі тікелей бекітіліп отыр. Бұған дейін бұл нормалар қорытынды және өтпелі ережелерде орналасқан еді, бұл әдіснамалық тұрғыдан дұрыс емес деп саналған.

Ұран емес, қағидаттар

Конституцияда мемлекеттің қызмет қағидаттары алғаш рет жүйелі түрде бекітіледі. Олардың қатарында егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бар.

Сондай-ақ құндылықтық бағдарлар енгізілген: жауапты әрі жасампаз патриотизм, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық, прогресс, білім, жоғары экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау.

Адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындалады.

Gov

«Жаңа Конституция жобасы - болашаққа бағытталған прогрессивті құжат. Оның іргетасында адамға бағдарланған көзқарас жатыр. Жобада Қазақстан Республикасы адами капиталды дамытуды мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыты ретінде мойындайтыны бекітілген», - деп есептейді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Халық және егемендік: нақты тұжырым

Маңызды жаңашылдықтардың бірі - халықтың мемлекеттік биліктің көзі ғана емес, егемендіктің жалғыз иесі екендігі тікелей бекітілуі.

Бұрынғы формула биліктің қалыптасу тетігін сипаттаса, жаңа редакция оның табиғатын ашады. Егемендік бастапқы, ажырамас қасиет ретінде қарастырылады. Мемлекеттік органдардың өкілеттіктері осы егемендіктен туындайды және Конституция арқылы халық тарапынан делегатталады.

Бұл логикаға сәйкес, мемлекеттік органдардың өз бетінше егемендігі болмайды, олар тек халық сеніп тапсырған өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Gov

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Жаңа Конституция жобасы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін кеңейтуді, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтуді, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді.

«Құжат азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткен кең ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі болды. Ол саяси жүйені жаңарту мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға деген қоғамдық сұранысты көрсетеді», - деп қолдады жобаны Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.

Gov

Болашаққа бағытталған таңдау

Ұсынылып отырған өзгерістер елдің қазіргі даму кезеңі мен заманауи шындықтардан туындап отыр. Жаңа Конституция құндылықтардан бастап басқару нысанына дейін, мемлекеттік басқару қағидаттары мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке дейінгі нақты бағдарларды айқындауы тиіс.

Және, бәлкім, ең маңызды белгі - талқылау форматының өзі. Ата заң мәтіні әр азаматқа қолжетімді болып, өзгерістер жабық есіктердің артында қабылданбай жатқан жағдайда, бұл жарияланған әділеттілік, заңдылық және қоғам мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік бағытының нақты дәлелі болып табылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -