Жетісай ауданының экономикасы қарқын алды: өндіріс, инвестиция және инфрақұрылым

869
Фотосурет: Gov

Жетісай ауданы өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім көрсетті. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 267,2 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 83,6 млрд теңгеге артқан. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Серік Мамытов мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Экономиканың негізгі көрсеткіштері

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 119,4 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының аграрлық бағытпен қатар өңдеу саласына да біртіндеп бет бұрып келе жатқанын аңғартады.

Инвестиция және индустриялық аймақ

Қазіргі таңда Жетісай ауданында 12 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Асықата кентінен 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.

«Аталған аймақта биыл жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын 12 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізіледі. Олардың қатарында жылына 3 мың тонна сүт өңдейтін “АГРО СҮТ” зауыты, 7,5 мың тонна жіп өндіретін “TST JETYSAY TEXTIL” фабрикасы және жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін өндіріс орындары бар», – деді Серік Мамытов.

Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2024 жылы 39,5 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 46,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 118,4%-ды құраған.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі

Агроөнеркәсіптік кешенде 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.

Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруа қожалығы 1 500 гектар алқаптан жылына екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Аудандағы 783 канал мен 217 қашыртқы егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 5 646 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген.

Әлеуметтік нысандар және тұрғын үй

«Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ауданда үш мектеп салынды. Асықата кентіндегі 900 орындық және Ынтымақ ауылдық округіндегі 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Жетісай қаласында 1 500 орындық мектептің құрылысы аяқталу сатысында.

Соңғы үш жылда 240 тұрғын баспаналы болды. Жеке инвесторлар есебінен 64 пәтерлі екі несиелік тұрғын үй салынды.

Инфрақұрылым мен өмір сапасы

Аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газбен қамтылған. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 34,2%-ға артты. 183 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдардың 84,4%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтылған.

Денсаулық сақтау саласы

Өткен жылы бір дәрігерлік амбулатория және алты фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Асықата кенті мен Жаңаауыл ауылдық округінде жеке инвесторлар есебінен медициналық орталықтар ашылды.

Жетісай ауданындағы бұл көрсеткіштер өңірдің экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік инфрақұрылымының біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -