Ішкі істер органдарының және Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция полковнигі Сәрсенов Қамбар Әмірұлы 102 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қамбар Сәрсенов – соғыс жылдарын бастан өткеріп, бейбіт кезеңде құқықтық тәртіп жүйесін қалыптастыруға үлес қосқан, елге адал қызмет еткен буынның көрнекті өкілі.
Ардагерге құрмет, отбасына көңіл айту
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов марқұмның өмір жолына тоқталып, жақындарына көңіл айтты.
«Сәрсен Қамбар Әмірұлы – Жеңіс ұрпағына тән өкіл. Ол соғыс отын кешіп, кейін бар ғұмырын мемлекет пен қоғамға қызмет етуге арнады. Оның өмірбаяны – ерлік пен жанқиярлықтың, Отан алдындағы парызға адалдықтың айқын үлгісі. Ардагердің жарқын бейнесі әріптестерінің және кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады», – деді ол.
Майданға ерте аттанған жауынгер
Қамбар Сәрсенов 1924 жылғы 25 қазанда Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Күнтемес ауылында дүниеге келген.
1942 жылдың тамыз айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 3-дербес бригаданың мергендер мектебінде курсант болды.
1943 жылдан бастап Балтық майданының 4-екпінді армиясы құрамындағы 1911-атқыштар полкінде ұрыс қимылдарына қатысып, ауыр жарақат алған.
Екінші майдан жолы және барлау қызметі
1944 жылы жарақатынан айыққан соң қайтадан майданға жіберілді. Ол 51-Витебск Қызыл Тулы, II дәрежелі Суворов орденді атқыштар дивизиясының барлау ротасында қызмет атқарды.
Соғыс жылдары Калинин және Псков облыстарын, Беларусь, Латвия, Литва, Польша аумақтарын, сондай-ақ Шығыс Пруссияны азат етуге тікелей қатысты.
Бейбіт өмірдегі қызмет
1945 жылдың қараша айында Кеңес Армиясы қатарынан запасқа шығарылды. Соғыстан кейін партиялық қызметте еңбек етіп, кейін ішкі істер органдарында жұмысын жалғастырды.
Қазақ КСР ІІМ-нің ведомстводан тыс күзет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосты.
Ерлікке берілген жоғары марапаттар
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Қамбар Сәрсенов:
- I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен
- Қызыл Жұлдыз орденімен
- II және III дәрежелі Даңқ ордендерімен
- «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен
- жиырмадан астам жауынгерлік және мерейтойлық медальмен
марапатталған.
Өнеге болып қалған өмір жолы
Қамбар Сәрсеновтің ғұмыры – майданда да, бейбіт өмірде де Отанға адал қызмет етудің, табандылық пен ар-намыстың, азаматтық парызға беріктіктің айқын үлгісі.
Ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады.