Қазақстанда жаңа Конституция жобасының қазақ тіліндегі мәтіні жүйеленіп, терминологиялық тұрғыдан бірізге түскен. Бұл туралы Конституциялық комиссияның сегізінші отырысында ҚазГЗУ АҚ басқарма төрағасы, профессор Талғат Нәрікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Фото: @konstituciyalikreforma / бейне кадр
Оның айтуынша, Ата заңның қазақ тіліндегі мәтінімен арнайы жұмыс тобы айналысып, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарған. Соның нәтижесінде терминдер қазақ тілінің заңдылықтарына сай реттеліп, мағыналық тұрғыдан нақтыланған.
Терминологиядағы олқылықтар жойылды
Талғат Нәрікбаев комиссияның алғашқы отырыстарында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – терминдердің бірізділігі болғанын атап өтті.
«Қолданыстағы Конституцияда “құқылы”, “хақылы”, “құқығы бар”, “құқығы жоқ”, “хақысы бар” сияқты ұғымдар әртүрлі контексте қолданылып келгені жиі сынға ұшырайтын. Жаңа мәтінде бұл терминдер мағынасына қарай жүйеленіп, бірізге түсті. Сонымен қатар қазақ тілінің ішкі заңдылықтары мен ерекшеліктері толық ескерілді», – деді ол.
Калька құрылымдар азайтылды
ҚазГЗУ АҚ басқарма төрағасының айтуынша, жаңа Конституция мәтіні әріптестерімен бірге мұқият оқылып шыққан. Соның ішінде бұрынғы редакцияда жиі кездесетін калька құрылымдарға ерекше көңіл бөлінген.
«Бұрынғы нұсқада жиі ұшырасатын “болып табылады”, “жүзеге асырады” сияқты калькалық тіркестер жаңа мәтінде жоқтың қасы. Ал қолданылған жағдайларда олардың өзі орынды әрі тілдік тұрғыдан жатық берілген», – деді Талғат Нәрікбаев.
Заң тіліне жаңа сапа
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі мәтінінің тілдік жағынан жетілдірілуі құқықтық құжаттың түсініктілігін арттырып, заң тілінің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Терминдердің бірізділігі мен тілдік нақтылық Конституцияны қолдану тәжірибесінде де маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция мәтінінің құқықтық қана емес, тілдік тұрғыдан да қоғам сұранысына жауап беретінін атап өтті.