Қазақстанда 110 шақырымға жуық өзен арнасы тазартылып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық ерте басталды. Су басу қаупін азайту үшін елдің алты облысында өзен арналары кең көлемде тазартылып, тереңдетіліп жатыр. Жалпы алғанда, қалпына келтіру жұмыстары 109,5 шақырым өзен учаскесін қамтиды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда тоғыз өзеннің 83,7 шақырым аумағында жұмыстар толық аяқталған. Бұл — Абай, Ақмола, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендер. Ал қыс мезгілінің қолайсыздығына байланысты Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы үш өзеннің 25,8 шақырым бөлігі уақытша тоқтатылған. Жоспар бойынша, бұл жұмыстар көктемгі тасқын басталғанға дейін қайта жанданып, толық аяқталады.
Су тасқыны көбіне өзен арналарының бітелуінен, лай мен шөгінділердің жиналуынан болады. Арна тарылып, су еркін өте алмаса, жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупі артады. Сондықтан арналарды тазалау — тасқынның алдын алудағы ең тиімді шаралардың бірі.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бұл жұмыстар 2025–2027 жылдарға арналған арнайы Жол картасы аясында жүргізіліп жатыр.
«Қалпына келтіру жұмыстары тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, елді мекендерді су басу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Мамандардың болжамынша, өзен арналарының тереңдетілуі мен тазалануы:
- су деңгейінің күрт көтерілу қаупін азайтады;
- көктемгі еріген қар суының еркін өтуіне жағдай жасайды;
- елді мекендер мен инфрақұрылымды қорғауға көмектеседі.
Соңғы жылдары көктемгі тасқын мәселесі бірнеше өңір үшін өзекті болып отыр. Осыған байланысты алдын алу шараларын ертерек қолға алу — қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты жолы.
Айта кетейік, аталған жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде әр өңірдің нақты жағдайына бейімделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.