Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ауқымды ұлттық байқау – alem.ai battle ресми түрде басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жалпы жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайтын бұл бастама еліміздің түкпір-түкпіріндегі жасанды интеллект саласындағы таланттарды бір алаңға жинауды мақсат етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, alem.ai battle – бұл жай ғана байқау емес, мектеп оқушысының идеясынан бастап, ғылыми зерттеуге дейінгі AI-жобалардың толық даму экожүйесі.
Өтінім қашанға дейін қабылданады?
Байқауға қатысу үшін өтінімдер 2026 жылғы 22 ақпанға дейін қабылданады. Қатысушылар арнайы онлайн платформа арқылы тіркеле алады.
Ал финалдық кезең Астанада орналасқан alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтеді.
Кімдер қатыса алады?
alem.ai battle қатысушыларды жасына немесе мәртебесіне қарай бөлмейді. Байқау төрт негізгі санат бойынша өтеді:
- AI Young Talents
12–18 жас аралығындағы мектеп оқушылары. Міндетті шарт – жұмыс істейтін MVP деңгейіндегі AI-жоба болуы. - AI Driving Power
Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері. Бұл санатта да дайын MVP талап етіледі. - AI Future Builders
Нарықта өз тиімділігін дәлелдеген AI-командалар. Ақылы пилоттар, сатылымдар немесе нақты трекшн болуы керек. - AI Innovators
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға негізделген, құрамында жасанды интеллект бар жобалар.
Қалай іріктеледі?
Алдын ала іріктеу нәтижесінде 20 үздік команда финалға жолдама алады. Қорытынды кезеңде сарапшылар алқасы әр санат бойынша төрт жеңімпазды анықтайды.
Яғни, alem.ai battle – бұл идеяларды ғана емес, нақты жұмыс істейтін шешімдерді бағалайтын алаң.
Неге бұл байқау маңызды?
alem.ai battle – Қазақстанда жасанды интеллект саласын жүйелі түрде дамытуға бағытталған ұзақмерзімді жұмыстың жалғасы.
2025 жылы өткен AI SANA: Generative Nation ұлттық байқауы қазақстандық қатысушылардың AI бағытында жоғары деңгейге жеткенін көрсеткен еді. Енді alem.ai battle сол тәжірибені жаңа деңгейге көтермек.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те атап өтті:
«Біз мектептегі идеялардың жұмыс істейтін прототиптерге, студенттік бастамалардың салалардың цифрлық трансформациясына, ал ғылыми зерттеулердің жоғары технологиялық жобаларға айналып жатқанын көріп отырмыз. alem.ai battle – осы жолдың заңды жалғасы».
Үлкен жоспар, нақты мақсат
Байқау Astana Hub алаңында, ҚР ЖИЦДМ қолдауымен жүзеге асырылады және alem.ai платформасының адам капиталын дамыту стратегиясының бір бөлігі саналады.
Алдағы жылдары халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында:
- жыл сайын 10 000-ға жуық талантты тарту,
- 5 000 мектеп оқушысын оқыту,
- кемінде 1 000 AI маманын даярлау,
- 100-ге жуық AI-стартапты іске қосу,
- және 10 ғылыми зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
alem.ai battle – бұл жай ғана жүлде үшін бәсеке емес. Бұл – Қазақстанның болашақ AI көшбасшыларын қалыптастыратын алаң, жаңа идеялар мен технологиялар дүниеге келетін орта.
Егер сенің немесе командаңның қолында жасанды интеллектке негізделген жоба бар болса, бұл – өзіңді ел деңгейінде танытудың нақты мүмкіндігі.
Толығырақ ақпарат алып, байқауға өтінім беру үшін astanahub.com платформасына өтуге болады.