Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде құрылыс саласында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиын ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышевтың төрағалығымен өтіп, оған құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара барысында Құрылыс кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңадан салынған нысандарды пайдалануға беру кезеңінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бағалау тәртібі талқыланды.
Қандай нысандарға жаңа талап қолданылады
Жаңа нормаларға сәйкес, биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар көп жиналатын нысандар құрылысы аяқталғаннан кейін міндетті түрде өрт қауіпсіздігі саласындағы қорытынды алуы тиіс.

Бұл мақсатта ғимараттарда арнайы тексеріс жүргізіледі. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігіне қатысты құжаттар қаралып, техникалық талаптардың орындалуы бағаланады.
Қорытынды қалай беріледі
Өміржан Тұқышевтің айтуынша, тексеру нәтижелері талаптарға толық сай болған жағдайда ғана нысанды пайдалануға беру туралы қорытынды шығарылады.
«Егер сәйкессіздіктер анықталса, тапсырушы белгіленген мерзім ішінде оларды жоюға міндетті болады. Барлық талаптар орындалған соң ғана ғимаратты пайдалануға рұқсат беріледі», – деді ол.
Бұрынғы және жаңа тәртіптің айырмашылығы
1 ақпанға дейін құрылыс нысандарын қабылдау кезінде қорытынды тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінің қатысуымен жасалатын. Бұл процеске төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тікелей қатыспайтын.
Өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Құрылыс кодексіне енгізілген жаңа нормалар 1 ақпаннан бастап күшіне енді. Енді жаңадан салынған ғимараттарды қабылдау кезінде ТЖД тарапынан құрылған жұмыс тобы қатысып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Бұрын қабылданған ғимараттар бақылауда болады
ТЖД бастығының орынбасарының айтуынша, 1 ақпанға дейін пайдалануға берілген ғимараттар да назардан тыс қалмайды. Оларда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар, жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп отырады.
Құрылыс ұйымдарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Жиын барысында құрылыс компанияларының өкілдеріне жаңа талаптардың мәні мен оларды орындау тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Тараптар өзгерістердің басты мақсаты – елордадағы ғимараттардың қауіпсіздігін арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу екенін атап өтті.