Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың жол үстінде қаза табуына жол бермеу мақсатында полиция көше-жол желісінің аса қауіпті учаскелерінде нысаналы рейдтік іс-шаралар өткізуді күшейтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шараларға өткен аптада қаланың базарларының біріне жақын маңда болған қайғылы оқиға түрткі болды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жасы үлкен ер адам жүк көлігінің астында қалып, оқиға орнында көз жұмған.
Қауіпті учаскелер назарда
Полиция қызметкерлері рейдтерді көлік қозғалысы қарқынды болатын, жүк көліктері жиі жүретін және бұрын жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері тіркелген аумақтарда өткізуде. Әсіресе базарлар мен сауда нысандары маңындағы «жабайы өткелдерге» ерекше көңіл бөлінген.
Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Рейд барысында жаяу жүргіншілермен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі түсіндірілуде. Полиция жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалану, жолды кесіп өтпес бұрын жағдайды алдын ала бағалау және ауыр жүк көліктерінің тоқтау қашықтығын ескеру аса маңызды екенін еске салуда.
«Әрбір оқиға – алдын алуға болатын қасірет»
Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан мұндай жағдайлардың көп жағдайда салғырттықтан болатынын айтты.
«Кейбір жаяу жүргіншілер әлі де жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп, қауіп-қатерді жете бағаламайды. Әсіресе базарлар мен сауда нысандары маңында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Біздің басты мақсатымыз – алдын алу және адам өмірін сақтау», – деді ол.
Профилактика жалғасады
Полицияның мәліметінше, нысаналы рейдтер алдағы уақытта да жалғасады. Ерекше назар адамдар көп шоғырланатын орындарға, бейресми өткелдерге және жол апаты жиі тіркелетін учаскелерге аударылады.
Құқық қорғау органдары жаяу жүргіншілерді өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.