Қазақстанда жаңа Конституция жобасы әлі де талқылану үстінде. Бұл жолы құжатқа енгізіліп жатқан нақты өзгерістер мен олардың мәні Конституциялық комиссияның кезекті отырысында кеңінен айтылды. Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде қандай ұсыныстар ескерілгенін және жобаның қалай жетілдіріліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды DKNews.kz.
4 мыңнан астам ұсыныс: қоғам үнсіз қалған жоқ
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап әртүрлі арналар арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Олардың барлығы Конституциялық комиссия тарапынан мұқият зерделеніп жатыр.
«Талдау көрсеткендей, олардың бірқатары назар аударуға тұрарлық және баптардың мазмұнын толықтырады, кепілдіктерді күшейтеді, құқықтық нормалардың тұжырымдамасын жақсартады, сондай-ақ айқындық пен құқықтық нақтылықты арттырады», – деді ол.
Бұл қоғамның Конституция тағдырына бейжай қарамайтынын және негізгі заңның әр сөзіне мән беріп отырғанын көрсетеді.
Gov
Теңге Конституцияда бекітіледі
Ең көп талқыланған ұсыныстардың бірі - теңгені ұлттық валюта ретінде Конституцияда тікелей бекіту мәселесі болды. Осы ұсынысты іске асыру үшін Конституция жобасының 2-бабы жаңа тармақпен толықтырылды.
Онда Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге екені және теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы мемлекетке тиесілі екені нақты жазылған. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мұндай ұсыныс азаматтардың өтініштерінде де жиі кездескен.
Сонымен қатар, осы баптың бұрынғы 6-тармағы 7-тармақ болып өзгертіліп, мазмұны өзгеріссіз қалды:
«Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді».
Саяси партиялар және мемлекеттік органдар
Конституция жобасының 6-бабына да логикалық түзетулер ұсынылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейтіні туралы норма 1-тармақтан 2-тармаққа ауыстырылады.
«Бұл норма аталған баптың 2-тармағының ережелерін логикалық тұрғыдан толықтырады, онда мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейтіні жазылған», – деп түсіндірді Бақыт Нұрмұханов.
Мұндағы мақсат - бап құрылымын түсініктірек әрі жүйелі ету.
Азаматтық мәселесі нақты жазылады
Конституция жобасының азаматтыққа арналған 12-бабына да маңызды толықтырулар енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматы қос азаматтыққа немесе көп азаматтыққа ие бола алмайтыны нақты көрсетіледі.
Сонымен бірге, өзге азаматтықтың болуы заңда белгіленген тәртіп пен шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны айқындалады. Бұл норма құқықтық түсінбеушіліктердің алдын алуға бағытталған.
Мемлекет келтірген зиян үшін өтемақы
Енгізілген ұсыныстардың ішінде ерекше назар аудартқаны - әрбір адамның мемлекеттік билік органдары мен олардың қызметшілерінің заңсыз әрекеттері салдарынан келген залалдың өтемін алуға құқығын Конституцияда бекіту.
Бұл ретте Бақыт Нұрмұханов қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекске де тоқталды.
«Қылмыстық-процестік кодексте қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу тәртібін реттейтін 4-тарау қарастырылған. Ондағы ережелерге сәйкес, заңсыз ұстау, қамауда ұстау, үйқамаққа алу, қызметінен уақытша шеттету, арнаулы медициналық ұйымға орналастыру, соттау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану салдарынан келтірілген залал қылмыстық процесті жүргізетін органның кінәсіне қарамастан толық көлемде бюджет қаражаты есебінен өтеледі», – деді ол.
Бұл норманы Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың құқықтарын қорғауды айтарлықтай күшейтпек.
Сотсыз ұзақ ұстауға тыйым салынады
Сонымен қатар, Конституция жобасының 18-бабы да нақтыланған. Жаңа редакцияға сәйкес, сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімдерден артық ұстауға болмайды. Бұл өзгеріс жеке бостандық кепілдіктерін күшейтуді көздейді.
Жетілдіру жұмыстары жалғасады
Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын жетілдіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтты. Қоғамнан келіп жатқан ұсыныстар талданып, негізді дегендері құжатқа біртіндеп енгізілуде.
Қазір Қазақстан болашақтағы мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты айқындайтын негізгі заңды қайта қарап жатыр. Сондықтан бұл талқылаулардың әр тармағы ертеңгі күнге тікелей әсер ететіні сөзсіз.