Қазақстанда жүріп жатқан конституциялық реформалар соңғы айларда тек саясаткерлердің емес, қарапайым азаматтардың да басты талқы тақырыбына айналды. Әрбір бап, әрбір сөз қызу пікірталас тудырып отыр. Бұл – кездейсоқ емес. Өйткені сөз елдің болашағын айқындайтын Негізгі заң туралы болып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Конституция жобасын талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгінгі өзгерістердің мәнін айқын сипаттады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуының стратегиялық бағытына негізделген саяси реформалар Қазақстанда әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға нақты алғышарттар жасап отыр.
Қоғам Конституцияны бейжай оқымай отыр
Аида Балаева қазіргі қоғамдық ахуалдың өзіне ерекше мән берді. Оның айтуынша, азаматтардың Конституция жобасына деген қызығушылығы – саяси мәдениеттің өскенінің айқын белгісі.
«Азаматтардың Ата Заңның әрбір жолына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын терең пайымдауы – қоғамның саяси мәдениетінің кемелденгенін және азаматтық жауапкершіліктің артқанын айқын аңғартады», – деді ол.
Министр қоғамда бұл мәселеге қатысты түрлі көзқарастар бар екенін де жасырмады. Бірақ бастысы – сол пікірлердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бұл билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Әлеуметтік мемлекет қағидаты сақталады
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде мемлекет білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы міндеттемелерін қысқартады деген пікірлер жиі айтыла бастады. Аида Балаева мұндай тұжырымдарды ашық түрде жоққа шығарды.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен бірінші бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі анық жазылған. Яғни, бұл – мемлекет өз әлеуметтік жауапкершілігінен бас тартады дегенді білдірмейді.
Құжатта азаматтардың медициналық көмекті ақысыз негізде алуына мемлекет кепілдік беретіні де айқын көрсетілген.
«Тегін» ұғымының құқықтық мәні неде
Министр көпшілік арасында түсінбеушілік тудырған негізгі мәселеге де арнайы тоқталды.
«Тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ – «азаматтар ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Яғни, азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді», – деді Аида Балаева.
Ол бұл қызметтердің ешқашан өздігінен тегін болмағанын да еске салды. Олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келген. Қазіргі таңда бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік бағытының сақталып отырғанының нақты дәлелі.
Білім мен медицинадағы құқықтар өзгермейді
Мәдениет және ақпарат министрі Конституция жобасының 32 және 33-баптарында азаматтардың ақысыз медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтары толық сақталғанын ерекше атап өтті.
Сонымен бірге ақылы медициналық көмек алу құқығы да қарастырылған. Оның айтуынша, бұл норма азаматтардың өз денсаулығын қорғау мен нығайтудағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған және мемлекеттік кепілдіктерді жоққа шығармайды.
Формулировкалар не үшін нақтыланбақ
Аида Балаева бірқатар ұғымдарды нақтылау жөнінде ұсыныстарын да айтты. Соның бірі – 33-баптағы «бастауыш және орта білім» тіркесін «жалпы орта білім» немесе «орта мектеп» ұғымымен алмастыру.
Бұл ұсыныс заңдық дәлдікке байланысты. Себебі Қазақстанда білім туралы ресми құжаттар тек 9 және 11-сыныптарды аяқтағаннан кейін ғана беріледі.
Сондай-ақ жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік жоғары оқу орындарымен шектеу дұрыс емес екені айтылды. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде жұмыс істейді, ал мемлекеттік гранттарды жекеменшік университеттерде де пайдалануға болады.
Зайырлы мемлекет, отбасы және сөз бостандығы
Министр жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылғанын атап өтті. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл көпконфессиялы қоғамда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені нақты көрсетілген.
«Аталған норма отбасы институтының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды жоғарғы құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқығы мен заңды мүдделерін күшейтуге сеп болары анық», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сөз бостандығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аида Балаева жаңа Конституция жобасы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сөз бостандығына толық кепілдік беретінін айтты. Ол медиақауымдастықтың үндеуін, соның ішінде журналистердің ашық хатын мұқият оқығанын жеткізіп, ұсынылып отырған түзетулер сөз бостандығын шектеуге әкелмейтінін нақтылады.
Адам – басты құндылық болып қала береді
Сөз соңында министр жаңа Конституция жобасында мәдениет, шығармашылық, ғылым мен білімді дамытуға айрықша мән берілгенін еске салды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті дамыту, ғылым мен инновацияны қолдау – мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде бекітілген.
Сонымен бірге ол жасанды интеллект кеңінен қолданылған жағдайда да шешуші рөл әрдайым адам ақыл-ойына тиесілі болатынын атап өтті.
Қорытындылай келе, Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституция – елдің бірлігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі құқықтық тірек. Ал оны талқылауға бүкіл қоғамның белсенді қатысуы Қазақстанда ашық әрі әділетті қоғам қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.