Қазақстанда бизнес үшін шешуші кезең басталып келеді. Салық саясаты қайта қаралып жатыр, цифрландыру тереңдеп барады, ал Конституциялық реформа ел дамуының жаңа бағытын айқындауда. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңес формалды жиыннан гөрі, экономика тағдыры талқыланған маңызды диалог алаңына айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиынға мұнай-газ және энергетика салаларының, тау-кен және металлургия өнеркәсібінің, агроөнеркәсіп кешенінің бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен еліміздің барлық өңірінен сарапшылар қатысып, кәсіпкерлікке тікелей әсер ететін түйткілдерді ашық көтерді.

Тарихи сәт және кәсіпкерлерге артылған жауапкершілік
Кеңесті ашқан Олжас Бектенов бұл кездесудің ерекше мәніне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басты басымдықтардың бірі, ал «Атамекен» - мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді көпір.
«Біз бүгін сіздермен еліміз үшін өте маңызды, тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Жарты жыл бойы қоғамда конституциялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болып жатыр. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл - еліміздегі демократиялық процестердің айқын дәлелі. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды, басты мақсат - егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын», - деді Премьер-министр.
Жаңа Конституция жобасында әділдік, заңдылық және ашықтық қағидаттарының бекітілуі кәсіпкерлер үшін тек құқықтық кепілдік емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді. Адал еңбек, кәсіпке құрмет және елге жанашырлық енді декларация емес, нақты талапқа айналып келеді.
«Атамекен» - сөзден іске өтетін алаң
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл процестен тыс қалған жоқ. Басқарма мүшелері мен өңірлік палаталар, әсіресе шағын және орта бизнес тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарда, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен тікелей кездесулер өткізіп, реформалардың мәнін түсіндіруде. Бұл жай ақпараттандыру емес, сұрақ-жауап форматындағы тірі диалог.
ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев Палатаның Үкіметпен жүйелі әріптестік орнатуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі мақсат - проблемаларды тізіп шығу емес, нақты есепке негізделген шешімдер ұсыну.
«Біз мәселелерді анықтаумен ғана шектелмей, олардың нақты шешімдерін табуға дайынбыз. Мемлекет пен бизнес бір арнада әрекет етуі қажет», - деді ол.
Шарлапаевтың айтуынша, қазақстандық тауар өндірушілер реестрі және жекеменшік білім беру саласындағы ашық тетіктер - осы тәсілдің нақты нәтижелері. Стратегиялық мәселелер Отандық кәсіпкерлер кеңесі алаңында қаралып, ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық әсері есептелген сараптамамен бірге ұсынылады.

«Өзара іс-қимылдың нақты әрі жүйелі құрылымы болған жағдайда ғана тұрақты кедергілерді шынайы жоюға болады. Басты мақсат - ҰКП арқылы бизнестің мемлекетпен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік жасау», - деп атап өтті Палата басшысы.
Салық реформасы - бизнес неге алаңдаулы
Кеңестің ең қызу өткен бөлігінің бірі - салық реформасы болды. Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жобалық кеңсенің жұмысын таныстырып, оның бір мезгілде 250 мыңға дейін салық төлеушіге қызмет көрсете алатынын айтты. Соңғы үш аптада өтініштердің 19,5 мыңнан 7,1 мыңға дейін азаюы жүйенің тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар «Халық бухгалтері» акциясына 17 мыңнан астам адам қатысып, ал жаңа режим арқылы 187,2 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат заңды алаңға шықты.
Алайда бизнес тарапынан қауіп те жасырылған жоқ. ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексіндегі кейбір нормалар шағын және микро бизнес үшін ауыр болуы мүмкін екенін ашық айтты. Оның дерегінше, ШОБ субъектілерінің 61%-ы арнайы салық режимінде жұмыс істейтін серіктестерге тәуелді, ал шегерімдерді шектеу 36% бизнестің жабылуына әкелуі ықтимал.

Медициналық сала да назардан тыс қалмады. ҚҚС-тың бірнеше мөлшерлемесін қолдану әкімшілендіруді күрделендіріп отыр. Осыған байланысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 5% бірыңғай төмендетілген мөлшерлеме енгізу ұсынылды. Бұл шешім пациенттер үшін де, өндірушілер үшін де жүктемені азайтпақ.
Реестр және цифрлық бақылау
Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі де кеңестің маңызды тақырыбына айналды. Қазірдің өзінде мыңдаған компания цифрлық жүйеге қосылып үлгерген. Бизнес өкілдері кәсіпорындарды өндірістік цикл деңгейі мен ауқымына қарай санаттау, мемлекеттік қолдауды нақты локализация мен инвестиция көлеміне байлау жөнінде ұсыныстар айтты.
Бұл бастамалар қағаз жүзіндегі есеп емес, нақты өндірісті қорғауға бағытталғанын кәсіпкерлердің өздері де атап өтті.
Шешім қабылданатын кезең
Кеңесті қорытындылаған Олжас Бектенов «Атамекен» ҰКП-ның ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау тапқанын айтты. Бұл Палатаның жай пікір білдіретін орган емес, нақты шешім қабылданатын алаңға айналғанын көрсетеді.
Бүгінгі диалогтың басты мәні - бизнес пен билік бірін-бірі тыңдай бастады. Ал бұл өз кезегінде нақты секторды қолдауға, экспортты ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашуы мүмкін. Қазақстан экономикасы үшін дәл қазір осындай тірі, ашық әрі жауапты әңгіме ауадай қажет.