Career Enbek Қазақстандағы біліктілік жүйесі үшін бірыңғай терезе болады

737
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда еңбек нарығы үлкен трансформацияның табалдырығында тұр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Технология дамып, кәсіптер өзгеріп жатқан кезеңде мемлекет те бұл үдеріске бейжай қарап отырған жоқ. Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кеңес соның айқын дәлелі болды. Басқосуда 2025 жылғы салалық біліктілік жүйелерін енгізу қорытындыланып, 2026 жылға арналған нақты жоспарлар талқыланды.

Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, жиынға вице-министр Виктория Шегай төрағалық етті. Негізгі назар Ұлттық біліктілік жүйесін (ҰБЖ) дамытуға, кәсіптік стандарттарды жаңартуға және бүкіл процесті цифрландыруға аударылды.

Салалық кеңестер «қағаз жүзіндегі орган» болмайды

Министрліктің Біліктілік жүйелерін үйлестіру және тану департаментінің директоры Әлия Жанқаринаның айтуынша, бүгінде 20 мемлекеттік органның жанында 57 салалық кеңес жұмыс істейді. 2025 жылы бұл кеңестерге ауқымды «реформа» жасалған.

Ең басты жаңалық – кеңестер құрамындағы жұмыс берушілердің үлесі 60%-ға дейін артты. Бұл дегеніміз, енді кәсіптік стандарттар кабинетте емес, нақты нарық сұранысына сай әзірленеді.

«Біз кеңестердің құрамын толық жаңарттық. Бұл жұмысқа 1000-нан астам сарапшы тартылды. Нәтижесінде еңбек нарығына шын мәнінде қажет стандарттар жасалады», – деді Әлия Жанқарина.

Яғни, дипломы бар, бірақ сұраныссыз мамандар дәуірі біртіндеп артта қалуы мүмкін.

Цифрлық агроном мен малшы-робототехник – енді ресми мамандық

Кеңестегі ең қызу талқыланған тақырыптардың бірі – 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілген Ұлттық қызметтер жіктеуішінің (ҰҚЖ) жаңартылуы болды. Еңбекті нормалау және ҰБЖ дамыту саясаты басқармасының басшысы Сахибжамал Сафарова бұл құжаттың түбегейлі қайта қаралғанын айтты.

Жаңа жіктеуішке 900-ден астам жаңа мамандық енгізілген. Олардың қатарында:

  • цифрлық агроном;
  • жасанды интеллектті енгізу жөніндегі инженер;
  • малшы-робототехник;
  • 5G/6G желілерінің сәулетшісі бар.

Қазір жіктеуіште 13 мыңнан астам мамандық қамтылған. Бұл – экономикадағы технологиялық өзгерістердің ресми түрде мойындалғанын білдіреді.

Біліктілікті тану жеңілдейді: заңға өзгеріс дайындалып жатыр

Кеңесте тағы бір маңызды жаңалық айтылды. «Кәсіптік біліктілік туралы» заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл өзгерістер бірнеше мәселені шешуді көздейді:

  • біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу функциясын «Атамекен» ҰКП-дан уәкілетті мемлекеттік органға беру;
  • аккредиттеу рәсімін толық цифрландыру және автоматтандыру;
  • қазақстандық мамандардың біліктілігін халықаралық деңгейде тану мүмкіндігін кеңейту.

Бұл қадамдар бюрократияны азайтып, мамандардың еңбек нарығына тезірек шығуына жол ашпақ.

Career Enbek – біліктілік жүйесінің «бір терезесі»

Вице-министр Виктория Шегай Career Enbek цифрлық платформасының маңызын ерекше атап өтті. Бұл платформа біліктілік жүйесінің барлық қатысушылары үшін бірыңғай терезе болуға тиіс.

Кеңес соңында ол мемлекеттік органдарға кәсіптік стандарттардың уақытылы әзірленуін қатаң бақылауды және салалық қауымдастықтардың біліктілікті тану орталықтарын құруға белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ұлттық біліктілік жүйесі уақыт талабына сай үнемі дамып отыруы керек. Біздің мақсат – әрбір маман еңбек нарығында сұранысқа ие болуы», – деп түйіндеді вице-министр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -