Қазақстандық шахматшы, блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева үшін үшінші чемпиондық атақ оңай келген жоқ. Спортшының айтуынша, жыл өткен сайын қарсыластардың деңгейі өсіп, турнир форматы да күрделене түскен.
Егер шахматтық тұрғыдан қарайтын болсақ, алғашқы әлем чемпиондығым салыстырмалы түрде ең жеңілі болды. Ол кезде турнирге қытайлық шахматшылар қатыспаған еді, әрі мен жарысты соңына бір тур қалғанда-ақ жеңіп шықтым. Ал кейінгі жылдары маған қарсы көзқарас өзгерді, қарсыластар мені әлдеқайда салмақты ойыншы ретінде қабылдай бастады. Соның әсерінен турнирлер де қиындай түсті, – дейді Бибісара.
Екінші рет әлем чемпионы атану ол үшін ерекше маңызды болған. Өйткені турнир Алматыда, туған жерінде өткен.
Өз елімде қатарынан екінші рет жеңіске жету мен үшін аса маңызды еді. Ал үшінші чемпиондық ең ауыр болды. Біріншіден, жарыс форматы өзгерді. Бұрын швейцариялық жүйеде жеңіске жету жеткілікті болса, бұл жолы үздік төрттік нокаут жүйесінде өзара ойнады. Сонымен қатар турнир үміткерлер додасына жолдама беретін жарыс болды. Финалға шыққан сәтте-ақ негізгі мақсатым орындалғанын білдім, бірақ, әрине, матчта жеңілгім келмеді, – дейді шахматшы.
Асаубаева жартылай финал мен финалдағы ойынына көңілі толатынын айтып, бұл үш чемпиондықтың ішіндегі ең күрделі турнир болғанын атап өтті.
Сонымен қатар Бибісара әйгілі Вейк-ан-Зее турниріндегі өнеріне де тоқталды. Бұл – 88 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан, әлемдегі ең беделді шахмат жарыстарының бірі.
Бұл турнирге қатысу мен үшін үлкен арман болды. Жыл басында жоғары деңгейлі жарыстар көп бола бермейді. Турнир өте ұзақ әрі физикалық және психологиялық тұрғыдан қажытатын. Соған қарамастан, өз ойыныма ризамын, рейтингімді көтеріп, жоғары деңгейдегі ойын көрсете алдым, – деді ол.
Биыл Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы Кипрда өтетін Үміткерлер турниріне қатысады. Бұл жарыста бар-жоғы сегіз шахматшы бақ сынайды.
Бұл турнирдің маңызы өте зор. Қазақстанды мұндай деңгейдегі жарыста алғаш рет таныстыратыныма қуаныштымын. Қатысушылар құрамы да өте мықты: Үндістаннан үш, Ресей мен Қытайдан екі-екіден шахматшы бар. Мен қазірдің өзінде дайындықты бастап кеттім. Мақсатым – бұл турнирде де жеңіске жету, – деді спортшы.
Дайындық барысына келсек, шахматшы күніне 8-9 сағат жаттығу жасайтынын айтты.
Менің өз командам бар, дайындық өте қарқынды өтуде. Әлем чемпионатынан кейін көп ұзамай қайта жаттығуға кірістім. Бұл алдағы жарыстарға жақсы дайындық болады деп ойлаймын. Қарсыластардың барлығы өте мықты, – деді ол.
Психологиялық дайындық жайлы сұраққа жауап берген Бибісара Асаубаева толқу кез келген спортшыға тән екенін айтады.
Партия алдында аздап қобалжу болады, бұл – қалыпты жағдай. Бірақ ойын басталған сәттен бастап толқу жоғалады, бар назарым тек тақтадағы ойынға ауады, – деп айтты үш дүркін әлем чемпионы.
Бибісара Асаубаеваның айтуынша, қазіргі таңда шахмат – оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Қазір мен үшін шахмат – өмірімнің өзі десем болады. Егер бір айдай үйде отырып қалсам, шахматты қатты сағынамын. Әрине, отбасыммен бірге үйде отырғанды жақсы көремін, бірақ шахмат – мен өзімді өте жайлы сезінетін ерекше бір әлем. Сондықтан бүгінде бұл – өмірімнің үлкен бір бөлігі, – дейді ол.