Шардарада 30 мың адамды ауыз сумен қамтитын ірі жоба жүзеге асуда

1089
Фотосурет: Gov

Түркістан облысында Шардара қаласының 30 мың тұрғынын жерасты көздерінен алынатын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған Шардара топтық су құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба іске қосылған соң қала тұрғындары сапалы және тұрақты ауыз суға толық қол жеткізеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құбырдың 68 пайызы салынды

Жоба аясында жалпы ұзындығы 39,3 шақырым болатын су құбырын тарту көзделген. Қазіргі таңда оның 27 шақырымы немесе 68,7 пайызы салынды. Сонымен қатар қуаты 380 кВт болатын трансформатор орнату қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Су көзі ретінде «Шардара-Байырқұм» кен орнындағы жерасты сулары пайдаланылады. Бекітілген қор тәулігіне 49,2 мың текше метрді құрайды, ал жаңа су құбырының жобалық қуаты тәулігіне 12 мың текше метр.

«Шардара-Байырқұм» кен орнындағы жерасты суының бекітілген қоры тәулігіне 49,2 мың текше метр. Су құбырының қуаты тәулігіне 12 мың текше метр. Жобаны іске асыру Шардара қаласын сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Былтырғы нәтиже: 277 елді мекен сумен қамтылды

Су ресурстары және ирригация министрлігі өткен жылы жоспарланған 9 жобаның орнына 15 топтық су құбырын реконструкциялау және жаңғырту жобасын аяқтады. Соның нәтижесінде 514 мың адам тұратын 277 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді және судың сапасы жақсарды.

Оның ішінде 73 елді мекен немесе 115 500 адам бұрын орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған еді.

Биыл тағы 540 мың адам сапалы суға қол жеткізеді

2026 жылы 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту тек тұрмыстық жайлылық емес, бұл – денсаулық, экология және өңірлердің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Шардарадағы жоба осы саясаттың нақты көрінісіне айналып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -