Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Орталық Азиядағы робототехника, жасанды интеллект және STEM-білім беру саласындағы ең ірі фестиваль – ALEM TECH FEST 2026 салтанатты түрде ашылды. Іс-шара 13 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Фестиваль Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Бірнеше күн бойы қатысушылар инженерлік жобаларын ұсынып, жарыстарға қатысып, заманауи технологиялық бағыттар бойынша білім беру белсенділіктеріне атсалысады.
7 елден келген 5000-ға жуық қатысушы
Биылғы фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан келген 5000-ға жуық оқушы қатысуда.
Бұл – тек жарыс алаңы ғана емес, тәжірибе алмасу, идея ұсыну және болашақ инженерлердің кәсіби ортада шыңдалу мүмкіндігі.
Бірінші күннің негізгі бағыттары
Фестивальдің алғашқы күні бірқатар халықаралық форматтағы жарыстар басталды. Атап айтқанда:
-
FIRST LEGO League Explore
-
FIRST LEGO League Challenge
-
FIRST Tech Challenge
-
RoboCup Soccer
-
RoboCup Rescue
-
Physical AI Championship
-
FPV Simulator Racing
-
Whoop Racing
-
Drone Football
-
Alem Drone Challenge
-
AI Drone Challenge
Сонымен қатар оқушылар Hour of AI бастамасы арқылы жасанды интеллект негіздерімен танысып, интерактивті тапсырмалар орындауда. WSO бағыты аясында спутниктік жобалар әзірлеу және робототехникалық шешімдер дайындау жұмыстары да басталды.
Министрлік қолдауы
Ашылу салтанатында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев фестивальдің маңызын атап өтті.

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізіліп отырған ALEM TECH FEST - жас ұрпақтың технологияға қызығушылығын арттыратын маңызды алаң. Бүгінде мыңдаған оқушы ерте жастан робототехника, бағдарламалау және жасанды интеллект бағытында білім алып, өз қабілеттерін шыңдап келеді. Министрлік цифрлық дағдыларды дамытуға және Қазақстанда тұрақты инновациялық экожүйе қалыптастыруға бағытталған осындай бастамаларды әрдайым қолдайды», – деді вице-министр.
Хьюстонға жолдама: 14 команда әлемдік финалға шығады
Фестивальдің негізін Central Asia FIRST Championship робототехника чемпионаты құрайды. Биылғы маусымның тақырыбы – «Археология».
Қазан айынан бері Қазақстан бойынша 1200-ден астам команда өңірлік кезеңдерге қатысып, өз жобаларын сарапшыларға таныстырған. Іріктеу нәтижесінде ұлттық кезеңге 450-ден астам команда жолдама алды.
Астанадағы ұлттық чемпионат қорытындысында:
-
50 үздік команда анықталады
-
14 команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік финалына барады
-
36 команда Мексика, Канада, Нидерланд, Түркия, БАӘ, Қытай, Грекия және Оңтүстік Кореядағы халықаралық кезеңдерге қатысады
Хьюстондағы әлемдік финалға 50 000-нан астам қатысушы жиналады.
Инновациялық экожүйе қалыптастыру алаңы
ALEM TECH FEST 2026 – мыңдаған оқушы, тәлімгер мен сарапшыны біріктіретін ірі платформа.
Фестиваль инженерлік ойлауды дамытуға, командалық жұмысты нығайтуға және жастар арасында инновациялық шешімдерді ілгерілетуге бағытталған.
Бұл – жай ғана жарыс емес, болашақ инженерлер мен ІТ көшбасшыларын қалыптастыратын орта.